Электромобильдер мен газбен жүретін көліктер паркингтерге кіргізілмейді. Мұндай көліктерге тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқанын үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты.
Брифингте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері министрліктен газ қондырғысын орнатқан көліктердің паркингтерге кіруіне тыйым салуды қашан енгізетінін, мұндай көлік иелеріне қандай талап қойылатынын сұрады.
«Депутаттар паркингке тек сертификаты бар көліктерді кіргізу керек деп санайды. Ал сертификаты жоқ көліктердің кіруіне тыйым салуды ұсынып жатыр. Осы орайда министрліктің позициясы қандай?»,- деді журналист.
Министр газ құрылғылары орнатылған көліктердің қаупі жоғары екенін, сондықтан мұндай көліктердің паркингтерге, жабық гараждарға кіргізілуіне тыйым салынуы керек екенін айтты.
«Мұндай көліктер өте қауіпті саналады. Өйткені газбен жүретін көліктерге жүргізушілер өздері газ құрылғыларын орнатып алады. Оған бұрынғы металл газ баллондарын пайдаланады. Бұл өте қауіпті. Мұндай баллондар көлікке пайдалануға жарамайды. Өйткені жыл мезгіліне сай әртүрлі температураға байланысты баллондардағы қысым өзгереді. Сол үшін де қауіп көзі боп саналады. Мұндай қаупті көліктерді паркингке кіргізбеген дұрыс»,- деді министр.
Министр ведомство тарапынан тек газ құрылғыларымен жүретін көліктерге ғана емес, сонымен бірге электеромобильдердің де паркингке кіргізілуіне тыйым салу көзделіп отырғанын айтты.