Жаңалықтар

Екі күннің бірінде өрт. Бектенов 4 өңірдің әкімдіктерінің жұмысын сынға алды

Жылыту маусымы өрт
Жылыту маусымы басталған бір айдан бері 130-дан астам өрт тіркелген / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда жылыту маусымы басталғалы бері екі күннің бірінде өрт. Сонымен бірге газ баллондарының жарылу жағдайы да жиілеген. Бұл мәселені үкіметте премьер-министр Олжас Бектенов көтерді.

«Жылу беру кезеңі енді ғана басталды. Ал, еліміздің тұрғын үй секторында екі күннің бірінде өрт шығады. Пеш жағу кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан бір айда 130-дан астам өрт тіркелген. Сондай-ақ иіс тиіп уланған жағдайлар жиілеп кетті. Қаза тапқандар да бар. Оқыс жағдайларды барынша азайтпасақ болмайды»,- деді премьер-министр.

Бектенов жылу беру кезеңінде өрттердің 50%-ға жуығы пештер мен мұржалардағы ақаулардың кесірінен болатынын айтты. Ал өрттің шығуына көп жағдайда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себеп болып жатады.

Осы орайда Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жеке сектордың министрлік бақылауына кірмейтінін, тұрғын үйлерді аралау кезінде тек ұсыныспен шектелетінін, ведомствоның басқа құзыреттілігі жоқ екенін айтты. Бұған қоса ТЖМ құзыреттілігі көпқабатты үйлерді пайдалануға беруде де шектелетінін атап өтті.

«Көпқабатты тұрғын үйлер мен адамдар көп жиналатын объектілерді пайдалануға рұқсат беру өкілеттіктерін министрлікке беру мәселесін қарастырып жатырмыз»,- деді Әрінов.

Премьер-министр Төтенше жағдайлар министрлігіне бұл мәселеге бей-жай қарамай, баса назар аударуды тапсырды. Бұл мәселеде тек ұсыныс айтумен шектелмей, өрттің алдын-алу үшін нақты қадамдар жасауды тапсырды.

«Тек ұсыным берумен ғана шектелуге болмайды. Ол үшін газ-техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейту керек. Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері мен әкімдіктер бұл бағыттағы профилактикалық жұмысты күшейтуі қажет»,- деді Бектенов.

Жеке сектордағы өрт пен уланудың алдын алу үшін премьер-министр әкімдіктерге    Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторында жаппай өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыруды тапсырды. Бұл жұмысқа газ-техникалық инспекциясын тартылмақшы. Тексеру жұмыстары барысында бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне басымдық берілмек және ондай үйлерге улы газ датчиктері тегін орнатылады.

Бектенов бұл орайда Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласы әкімдіктерінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.

«Аталған әкімдіктердің бұл бағыттағы жұмыстары мардымсыз. Өңір тұрғындары датчиктермен 2-дан 14%-ға дейін ғана қамтылған. Аты аталған әкімдіктер жұмысты күшейтіңіздер»,- деді премьер-министр.

Сондай-ақ жиында жарамсыз тұрмыстық баллондарды қолданыстан шығару мәселесі де талқыланды. Бектенов ескі газ баллондарын қолданыстан шығару және утилизациялау мәселесі әлі шешімін таппағанын, салдарынан суық түскелі бері үйлерде газ баллонының жарылу жағдайы 8 рет тіркелгенін айтты.

«50 жыл болған баллондар да бар. Қазіргі уақытта газ жабдықтарын    пайдалану талаптарының сақталуын бақылау әкімдіктерге жүктелген. Алайда жұмыс    тиісті деңгейде емес»,- деді Бектенов.

Тұрмыстық газ баллондарын жасап шығару ұзақ уақыт бойы  шешімін таппай келе жатқанын, керісінше жыл өткен сайын күрделене түскенін айтты. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, баллондар өндірісін ұйымдастыруды тапсырды.