Әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандаса, доллар бағамы өскен. Мәселен, BRENT маркасы қазір $71,95-дан сатылып жатыр. Қара алтын -0,21%-ға арзандаған. Ал доллар бағамы бүгін 496,11 теңгеге болып отыр. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл тек қана бастамасы болуы ғажап емес. Жоқ дегенде, алдағы төрт жылға дейін мұнай арзандап, доллар шарықтауы әбден мүмкін.
Өйткені, экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, бұл – тікелей АҚШ басшылығының саясаты.
«Америка елінің ұлттық валютасы – доллар. Сондықтан олар дамушы елдерде доллардың сұранысын арттыруға күш салып жатыр. Біздің долларға деген сұранысымыз өте жоғары. Біздің экономикамыздың тірегі – шикізаттың 60-70 пайызы сыртқа доллармен сатылады. Бұл жерде доллардың үлесі өте жоғары. Нарықтың өз заңдылығы бар. Сұраныс артқан сайын, ұсыныстың құны артады», – дейді экономист.
Бауыржан Ысқақовтың сөзіне қарағанда, мұнай бағасының арзандауы әсте кездейсоқтық емес. Жаңа сайланған АҚШ президенті Дональд Трамптың бір баяндамасында бұл жайында егжей-тегжейлі айтылған.
«Баяндамада экономикадағы доллардың үлесін арттырып, мұнаймен айналысатын ОПЕК-ке мүше елдердің әлемдегі ықпалын азайту үшін, мұнай бағасын түсіруге күш салатыны ашық көрсетілген. Араб-израиль арасындағы соғысқа да осындай себептер әсер етіп жатыр. Мұнай сататын мемлекеттерді әлсірету көзделіп отыр. Осы арқылы АҚШ әлемдік нарықтағы өз мұнайын сату үлесін арттырмақ», – дейді экономист.
Оның пікірінше, АҚШ мұнай бағасын түсіру арқылы араб елдеріне қыр көрсетпек. Бауыржан Ысқақов мұның – макрофактор екенін, бұдан бөлек микрофакторлар да бар екенін алға тартады.
«Мұнайдың балама көздерінің табылуы, жасыл экономика, уран өндірісінің дамуы экономикасы мұнайға тәуелді елдердің санын азайтып жатыр. Көп мемлекеттер күн мен желден энергия алып, балама экономикаға көшуі де мұнай бағасына әсер етуде», – дейді сарапшы.
Экономист Қайрат Бодауханның айтуынша, доллар бағасының қымбаттап, мұнайдың түсуіне АҚШ-та өткен сайлау мен БРИКС мәлімдемелері түрткі болып отыр. Мәселен, БРИКС бас қосуында әлемдік нарықтан долларды ығыстыратын ортақ валюта шығару туралы мәселе көтерілген.
«Осыған орай, халықаралық валюта қоры, халықаралық қаржы институттары валютаның бағамын түсірмеудің, әлемдік нарықтан шығармаудың амалдарын жасап жатқан болуы тиіс», – дейі экономист.
Қайрат Бодауханның сөзіне қарағанда, доллар бағамының өсуі тек қана сыртқы фактор әсеріп етіп жатқан жоқ. Ішкі факторды да ескерген жөн.
«Экономиканы әртараптандыру бойынша, біз доллардың бағамын ұстап келе жатырмыз. Өйткені, бізде бюджет тапшылығы бар. Өткенде ғана жұмыс істейтін зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтату туралы даулы мәселе көтерілді. Амалсыз жасалып жатқан қадамдар, бұл. Біз доллар бағамын Ұлттық қордан қаржы бөліп, бір деңгейде ұстап отырмыз», – дейді экономист.
Қайрат Бодауханның сөзіне қарағанда, сондықтан Қазақстан доллар бағамын аздап көтеруге мәжбүр болып отыр.
«Долларды 900 теңгеге жеткізу туралы да ұсыныстар бар. Оның себебі – бюджет жетіспеушілігі, доллардың бағамын ұстап тұру үшін Ұлттық қардың қаржысы жұмсалып жатқаны», – дейді экономист.