Жаңалықтар

Тоқаев ауыл шаруашылығында ғылымға негізделген жаңа тәсілдерді қолдануға шақырды

Президент мүдделі тараптарды Қазақстанның потенциалын зерделеуге шақырды/фото: akorda.kz

Тоқаев орнықты ауыл шаруашылығына көшудің маңыздылығына тоқталды. Президент Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Дүниежүзілік климат саммитінде осындай мәлімдеме жасады.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның 200 млн гектар ауал шаруашылығына арналған жері бар. Сондықтан еліміз көміртекті егін егу тәсілін енгізуге таптырмас алаңқай бола алады. Аграрлық өндірістің мұндай тәсілдері шығындыларды қысқартып, топырақтың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ол  мүдделі тараптарды Қазақстанның потенциалын зерделеуге шақырды.

 «Еліміз әлемдегі уранның 43 пайызын қамтамасыз етеді. Төмен көміртекті ядролық энергетиканы дамытудағы рөлі елеулі. Қазан айында Қазақстан азаматтары жалпыұлттық референдумда атом электр стансасын салуды қолдады. Біз бұл жобаның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге ұмтыламыз. Энергитика саласындағы әлемдік технологиялық көшбасшылармен бірге серіктестік орнатамыз», – деді Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент су ресурстарының мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, климат өзгерісі ғаламдық су цикліне де қатты ықпал етіп отыр. Табиғи апаттардың 80 пайызынан астамы – суға қатысты апаттар.  

«Бүгінде Каспий теңізіне қатер төніп тұр. Әлемдегі ең үлкен көлді құтқару – ортақ мәселеміз. Бұл ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Сонымен қатар, Қазақстан Арал теңізін сақтау үшін Қазақстан нақты қадам жасап жатыр», – деді Президент.

Тоқаев Қазақстанның ғаламдық климаттық күн тәртібін жақтайтынын атап өтті. Климат өзгерісіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын баса көрсетті.