11 жылға сотталған түркиялық кәсіпкер ҰҚК қызметкерлерін «жала жапты, азаптады» деп айыптап отыр
Түрік азаматы Тастан Эбубакир Қазақстанда заңсыз 11 жылға сотталғанын мәлімдеп отыр. Өзінің айтуынша, мұнай өндіру саласында жаңа өндіріс орын ашқан. Атап айтқанда, Шымкент қаласында «СтандартSteel» ЖШС консорциумымен бірге салған байыту фабрикасының базасында техногенді минералды құрылымдарды өңдеген.
Түрік бизнесменінің араша сұраған үндеуі Инстаграмда заңгер Инга Аманбай өзінің instagram парақшасында жариялады. Түркия азаматы үндеуін Президент Тоқаевқа, Бас прокурор Асыловқа және бірқатар құзырлы органдардың басшыларына арнаған.
«Мен бұл жобаға өз қаражатымды салдым. ТМҚ жылдар бойы өндеу және утилизация шешімдерін таба алмай келген еді. Мен тау-кен ісі бойынша халықаралық институттардың мамандарын тарттым. Ақыры шешімін тапты. Бүгінгі күні өндірісте 150 адам жұмыс істейді», – дейді түрік кәсіпкері.
Оның айтуынша, еңбегі бір күнде еш кетіпті. Аяқ астынан ҰҚК қылмыстық іс қозғап, барынан лезде айырылыпты.
«Менің «досым» Жангелді Әбілов түрік бизнесмені Исмаил Гулбетикинмен бірге Қазақстанда құрылыс және бағалы бұйымдарды сатумен айналысып жүрді. Жангелді Әбілов мемлекеттік органдардан мердігер келісім-шарттарын алғанда сыбайлас жемқорлық бойынша ҰҚК қызметкерлерінің назарына ілінді», – дейді ол.
Әбілов пен Гулбетикин ұсталған кезде олардан 5 келі алтын мен бағалы бұйымдар алынған. Кейіннен бұл екеуі куәгер болып танылып, тергеуден босатылған. Бірақ артынша Тастан Эбубакир қылмыстық қуғындауға түскен. Түрік бизнесменнің сөзіне қарағанда, бұған тергеушілердің жемқорлығы түрткі болған. 250 мың доллардың өтеуі үшін айыптыларды босатып, орнына жазықсыз адамды жапқан.
Абақтыда азапталып, өзіне қарсы куәлік беруге мәжбүр болғанын айтып отыр.
«Мен шетелдік инвестормын. Қазақстанда әділдік табамын деп үміттенемін. Адал, бәсекелес ортада бизнеспен айналысамын деп қаражат салған едім», – дейді түрік бизнесмені.
Kursiv.media істің егжей-тегжейін анықтау үшін құзырлы органдарға ресми сауал жолдады.