Кейінгі жылдары елімізде қоғамдық тамақтану орындары көптеп ашылып келеді. Жастар үшін де, ересек буын үшін де бұл – тек тамақ ішіп, қуаттанып алатын жер болудан әлдеқашан қалып қойды. Қазір бұл мекемелер сонымен қатар бейресми іскерлік кездесулер өткізу үшін де керемет нұсқа. Бұған қоса қала тұрғындары өзге де түрлі кездесу үшін қоғамдық тамақтану орнын жиі тамақтанып жатады. Ал сіз сол қоғамдық тамақтану орнындағы құқығыңызды білесіз бе? Мейрамхананың шотқа 10% қосып есептеуі қаншалық заңды? Даяшының жұмысы көңіліңізден шықпаса, не істеуге болады? Тамағыңыздан қыл шықса, не істеу қажет? Осы және өзге сұрақтарға бүгінгі материалымызда жауап береміз.
1. Қоғамдық тамақтану орнында қазақша жазылған мәзірді талап ете аламын ба?
Тамақтануға орнында кез келген адам қазақша мәзір талап ете алады. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы Тіл заңнамасының 21-бабы бойынша, елдегі барлық хабарландыру, жарнама, прейскурант, сонымен қатар ас мәзірі ең әуелі қазақ тілінде болуы міндетті. Бұрын орыс тілінде де болуы керек еді, бірақ 2021 жылғы желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір заңнамаға өзгеріс енгізді. Ол бойынша, ас мәзірі, хабарландыру сияқты жазбалар қазақ тілінде болуы керек. Қажет болған жағдайда ғана орыс тіліне және басқа тілдерге аударылғаны абзал. Алайда «Тұтынушылардың құқығын қорғау» заңы бойынша, сатушы немесе қызмет көрсетуші ақпаратты қазақ тілінде де, орыс тілінде де беруге міндетті.
2. Мейрамханаға кіріп, үстелге отырмас бұрын мәзірмен танысып алуды талап ете аламын ба?
Көп елдерде мейрамхана мәзірі кіреберісте, көшеде ілулі тұрады. Есіктен кірмей-ақ мәзірмен танысу мүмкіндігі ұсынылады. Біздегі мейрамаханалар бұл әдісті көп қолдана бермейді. Дегенмен, үстелге отырмас бұрын мәзірді бір оқып шыға аласыз.
«Тұтынушылардың құқығын қорғау» заңының 7-бабы 3-тармағы бойынша, кез келген адам тауар немесе көрсетілетін қызмет түрін, сатушыны өз еркімен таңдай алады және олардың беретін ақпаратымен толық танысуға құқығы бар. Сол сияқты, адам мейрамхана үстеліне отырмас бұрын мәзірді сұрата алады. Ал мейрамхана өкілдерінің мәзірді бермеуге құқы жоқ. Мәзірді беруден бас тартса, тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне хабарласуға болады.
3. Мейрамхана қызмет көрсеткені үшін шотқа 10% ақы қоса ала ма?
Қазақстанда қабылданған халықаралық стандарттарға сәйкес, асхана, кафе, мейрамхана сияқты қоғамдық тамақтану орындарының қызмет көрсеткені үшін қосымша 10% ақы алатыны заңсыз. Заң бойынша, аспаздың, даяшының қызметі үшін деп көрсетілетін бұл үстемақы тағамның бағасына кіруі қажет. Алайда даяшы есепшотқа 10% ақы қосылатынын алдын ала ескертсе немесе ол ас мәзірінде жазылып тұрса, жағдай басқаша болады. Тұтынушы бұл ақпаратты біле тұра, сол мейрамханадан тамақтанамын деп шешсе, 10% қосымша ақыны төлеуге келіскен болып саналады.
Ал бұл ақпарат еш жерде жазылмаса, даяшы алдын ала ескертпесе, клиент оны төлемейтінін айтып, шағымдана алады.
4. Тамақтың ішінен қыл шықса, оның ақысын төлеуден бас тарта аламын ба?
Тамақтан қыл шықса, ақысын төлеуге міндетті емессіз. Мұндай жағдайда ең әуелі дәлел ретінде тамағыңызды суретке, видеоға түсіріп алыңыз. Бірден мейрамхана әкімшісін шақырып, көрсетіңіз. Сонымен қатар тамақтан қылды қай уақытта тауып алғаныңыз маңызды емес. Сіз оны тамақты жемей жатып немесе жеп жатқанда көріп қалуыңыз мүмкін. Мейрамхана өкілдері сізге «Тамақтың жартысын жеп қойдыңыз ғой» деп айта алмайды.
Бұдан соң келуші әкімшіге, даяшыға шағымданған соң төлемей, кетіп қалса болады. Сонымен қтара санитар-эпидемиология қызметі өкілдеріне хабарласа алады. Олар мейрамханаға келіп, тазалығын, қызметін тексереді, мейрамхананы мемлекетке айыппұл, сізге мораль шығынын төлеуге міндеттей алады.
Көбіне мейрамхана өкілдері істі ушықтырмай, бірден кешірім сұрап, тағамды ауыстырып беруді ұсынады. Оған келіссеңіз, тағам ақысын төлеуіңіз қажет. Себебі сізге жаңа тағам әкеліп береді.
5. Асхана не мейрамхана өкілінің клиентті кіргізбеуге не шығарып жіберуге құқы бар ма?
Азаматтық кодекстің «Жария шарты» деген 387-бабы бойынша, бір адамның екінші бір адамды қоғамдық орынға, мекемеге, үкіметтік емес ұйымдарға кіргізбеуге немесе ол жерден шығаруға құқы жоқ. Олар барлық тұтынушыға теңдей қызмет көрсетуге міндетті. Алайда адам мас күйінде ұрыс-керіс, төбелес шығарса, басқа адамдарды мазаласа, мейрамхана әкімшісі полиция шақырта алады. Тіпті жағдай ушықса, күзетші арқылы тұтынушыны ғимараттан шығара да алады. Алайда келуші өзін ғимараттан себептен себепсіз шығарып жібергенін дәлелдей алса, ол істі азаматтық сотқа дейін жеткізуіне болады.
6. Даяшының қызметі ұнамады, басқа даяшының қызмет көрсетуін сұрай аламын ба?
Даянышың қалай қызмет көрсеткені ұнамаса, дөрекі сөйлеп, тапсырыс қабылдамай қойса, әкімшіден сізге басқа даяшыны бекітуін сұрай аласыз.
Даяшы тапсырыңызды шатаыстырып, басқа тағам әкеліп, оны төлеуді сұраса, төлемей қоюға толық құқылысыз. Себебі бұл — мейрамхананың қатесі. Заңға сәйкес, бастысы сіз тапсырыстың қате келгенін бірден айтуыңыз қажет. Ал тамақты жеп болған соң, «Негізі басқа нәрсеге тапсырыс бергенмін, шатастырып әкелдіңіздер. Төлемеймін» деуге құқығыңыз жоқ.
7. Қоғамдық тамақтануы орындарында фот, видео түсіруге бола ма?
Кез келген қоғамдық тамақтану орнында фотоға да, видеоға да түсіруге болады. Себебі бұл – қоғамдық орын. Алайда түсірілім барысында абсқа адамдарға кедергі келтірмеуіңіз керек екенін ұмытпаңыз.