Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жастарды әскери комиссариаттарға көшеде ұстап алып, мәжбүрлеп әкетіп жатқан видео тарауда. Қорғаныс министрлігі бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, түсініктеме берді. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің әскерге шақыру жасындағы азаматтарға рейд жүргізу себебін де түсіндірді.
Министрлік әскерге шақыру науқаны жылына екі рет (көктемгі және күзгі әскерге шақыру) жүргізілетінін еске салды. Алайда, шақыру науқандары барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақытылы келмеу фактілері байқалғанын мәлімдеуде.
«Сонымен қатар әскерге шақыру жасындағы азаматтарды есепке алуда да қиындықтар туындайды. Өйткені олардың көпшілігі тіркелген жерінде тұрмайды. Ал қоныс аударған жағдайда жаңа тұрғылықты мекенжайына тіркелмейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шақыру қағазын әскерге шақырылушының жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған кезде оның келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі»,- деп түсіндірді ведомство.
Министрлік рейд кезінде кейбір азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жататынын жасырмады. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуге толықтай құқылы екенін атап өтті.
Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын да еске салды.
Еске сала кетсек, 10 қарашада әлеуметтік желіде Астана полиция қызметкерлері мен азаматтық киім киген әскери комиссариат өкілдері жастарды сауда орталығының алдынан ұстап әкетпекші болғаны жайлы видео тараған болатын. Күштеп алып кетудің соңы төбелеске ұласқан болатын.
Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылатындар санын көбейтті. Биыл Отан алдындағы борышын өтеуге 40 148 сарбаз аттанады деп жоспарлануда.