Жаңалықтар

Жаңа жылдық безендіруге Батыс Қазақстан облысының әкімдігі қанша қаражат жұмсамақшы?

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Батыс Қазақстан өңірі биыл жаңажылдық безендіруге және өзге де мерекелік шаралаға 28 миллион теңге қаржы жұмсамақ. Аймақ әкімі Нариман Төреғалиев облыстың жаңа жылға дайындығы мен кететін шығындары жөнінде айтып берді.

 Әкімнің сөзіне сенсек, бұл мәселеде әкімдік барынша ақша үнемдеуге тырысады. Тіпті  аймақ басшысы былтырдан бері жаңа шырша сатып алуға тыйым салған.

«Өткен жылдан бастап мен жаңа шыршаларды сатып алуға тыйым салдым. Бұрын сатып алған жасанды шыршамыз бар. Біз соны пайдаланамыз және демалыстан кейін оны мұқият жиныстырып сақтап қоямыз. Бөлінген ақша барлық мақсаттарға, соның ішінде сыйлықтар сатып алуға беріледі. Бұл бюджет қаражаты екенін түсінеміз және оны барынша аз жұмсауға тырысамыз», – деді Төреғалиев.

Аймақ әкімі облыс бюджетінен бөлінген 28 миллион теңгенің 7-8 миллион төңірегіндегі ақшасы Орал қаласын безендіру мен өзге де шараларына жұмсалатынын айтады.  Ал қалған бөлігі өңірге қарасты аудан-қалаларға тиесілі. Нариман Төреғалиев жаңа жылдық отшашуға биыл қосымша қаражат қарастырылмағанын  да айтты.

«Отшашуды да осы 28 миллион теңгеге сатып аламыз. Сондай-ақ әлеуметтік  осал топтан шыққан балаларға арналған сыйлықтар сатып алынады. Жыл сайын мұқтаж және ерекше балаларды қалаға шақырып, шара өткіземіз. 12 аудан мен 1 қалаға бөлгенде бұл қаржы түк емес», – деді ол. 

Нариман Төреғалиевтің 28 миллион ғана жұмсаймыз дегені, басқа өңірлермен салыстырғанда анағұрлым аз. Мәселен былтыр Алматы әкімдігі жаңа жылдық безендіруге 511 млн теңге жұмсаған. Ал, Астананы безендіруге одан да көп қаржы кеткен. Елорда әкімдігінің мәліметінше, 836 млн теңге жұмсалған.