Банк пен қаржы

Депутаттар өндірісті дамытуға 3,7 млрд теңге салған инвесторға салық жеңілдігін беруді ұсынды

Фото: shutterstock

«Ақ жол» фракциясының депутаттары Қазақстанда салық жеңілдігіне ие инвестициялық жобаларды кеңейтуге инвестор салатын қаржы көлемін 5 млн АЕК-тен (18,5 млрд теңге) 1 млн АЕК-ке (3,7 млрд теңге) дейін түсіруді ұсынып отыр. Вице-премьер Нұрлан Байбазаровқа депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен Ерлан Барлыбаев инвесторлар өндірісті кеңейтуге 1 млн АЕК көлемінде қаржы салса, салық жеңілдігін беру керек деп тұжырымдайды.

Мәселенің мәні

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда қолданыстағы заңнама негізінде, ірі инвестициялық жобаларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, ірі инвесторлар технологиялық жабдықтар мен қосалқы бөлшектерін импорттағанда, кедендік баждан босатылады. Сонымен қатар, инвестжоба қолға алынған сәттен, 10 жылға корпоративтік табыс салығынан, 8 жылға мүлік салығынан, жер салығынан 10 жылға босату қарастырылған.

Бұл ретте «Кәсіпкерлік туралы» кодекстің 287 бабына сәйкес, бұндай жеңілдік алу үшін инвестор:

  • жаңа өндіріс орнын құруға – 2 млн АЕК;
  • жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды кеңейтуге – 5 млн АЕК инвестиция салуы тиіс.

2024 жылы 1 АЕК – 3692 теңгеге тең. Яғни, инвестор жаңа өндіріс орнын құруға 7,4 млрд теңге инвестиция сала отырып, жоғарыдағы жеңілдіктерге ие бола алады. Ал өндірісті кеңейту мен жаңартуды мақсат тұтқан инвестор салық жеңілдігін алуы үшін кемі 18,5 млрд теңге инвестиция салуы шарт.

Яғни, салық жеңілдігін алу үшін жұмыс істеп тұрған өндірісті кеңейту кезінде кәсіпкерге салық женілдігін алу үшін екі есе көп инвестиция салуға тура келеді. Барлыбаев жаңа кәсіпорын құру – жұмыс істеп түрған өндірісті кеңейтуден әлдеқайда қымбатқа түсетінін айтады.

Депутаттардың ұсынысы қандай?

Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы салық жеңілдігін алу шарттарын өзгертуді ұсынады. Яғни, өндірісті кеңейту мен жаңартуға салынатын инвестиция көлемін 5 есе азайту. Депутаттар инвестор жұмыс істеп тұрған кәсіпорнын одан әрі дамытуға 18,5 млрд емес, 3,7 млрд теңге инвестиция салса, бұл мемлекеттік қолдау көрсетуге жеткілікті деп санайды.

Ал жаңа жұмыс орнын құруға құйылатын инвестиция көлемін өзгеріссіз қалмақ.

«Бұл тәсіл тек жаңа инвесторларды тартуға ғана емес, сондай-ақ олардың алған табыстарын жаңа технологиялар мен өнім түрлерін игеруге реинвестициялауға қолайлы жағдай жасайды деп сенеміз», – деп түйіндеді депутат.