Жаңалықтар

Орталық депозитарийде 3,3 млн брокерлік шот ашылған: қазақстандық инвестордың портреті қандай?

брокерлік шот
Фото: shutterstock

Орталық депозитарий қазақстандық инвестордың портретін жасаған. Депозитарийде шот ашқан клиенттердің дерегіне сәйкес, ол – 35-54 жас аралығындағы Алматы не Астана қаласының тұрғыны.

35-54 жас аралығындағы инвесторлардың үлесі 39,5%-ын құрайды. 25-34 жас аралығындағы топ екінші орында келеді. Олардың үлесі 32% деңгейінде тұрақтаған. Ал үшінші орындағы 18-24 жас аралығындағы инвесторлардың үлесі 14% құрап отыр.

Бұл ретте, гендерлік жағдай аса өзгермеген: шот ашқан әйелдердің үлесі – 49,8% болса, ерлердің үлесі – 50,2% Бұл тепе-теңдік 2023 жылдың сәуірінен бері сақталып келеді.

Инвесторлар басым бөлігі Алматы (20,7%) және Астана қаласында (11,2%) шоғырланған. Қос қаланың ізін ала Түркістан облысы (9,4%) келеді. Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген инвесторлар қатары аз, олардың үлесі 1,7% ғана құрайды.

2024 жылғы 1 қарашадағы деректерге сәйкес, Орталық депозитарийде ашылған шоттардың қатары 3,3 миллионға жетті. Оның ішінде 683 912 шот – ұстаушылардың жеке қосалқы шот болса, 2 659 497 шот омнибус-шоттар арқылы есепке алынған брокерлік шоттарды қамтиды.

Қарашада шоттардың саны 331 мыңға немесе 11%-ке артқан. Оған негізінен омнибус-шоттардағы брокерлік шоттар санының 14.2%-ға (331 641 шотқа) өсуі себеп. Осы кезеңде қосалқы шоттар саны 0,05%-ға немесе 340 шотқа азайған.

Айта кетейік, омнибус-шоттар арқылы есепке алынған инвесторлар туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жарияланбайды.