Жеке компаниялар үшін қазақша дубляж жасау ережелері жеңілдейді

Жарияланды 13 Қараша 2024 12:22

(жаңартылды 13 Қараша 2024 12:50)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Жеке компаниялар үшін қазақша дубляж жасау ережелері жеңілдейді
Жеке компаниялар үшін қазақша дубляж жасау ережелері жеңілдейді / Фото: shutterstock

Өзге тілдегі мультфильмдерді қазақ тіліне тәржімалайтын компанияларға арналған заң ережелері жеңілдейді. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты.

Мәдениет министрлігі жеке компаниялардың конкурстарға қатысуына кедергі келтіретін және анимацияны қазақ тіліне тәржімалаумен айналысатын заңнамалық кедергілерді алып тастағысы келеді. 

«Бізде аудармашылар жоқ деген әңгіме емес. Бюрократия туралы айтып отырмыз. Бүгінгі таңда бірде-бір компания анимациялық фильмдерді дубляждау байқауына қатысу үшін қажетті құжаттарды ұсына алмайды. Сондықтан бұл нормаларды заңнан алып тастаймыз. Жеке компанияларға қойылатын талаптарды сәл жеңілдетеміз. Олар бізсіз де керемет өнім жасайды, бірақ, өкінішке орай, жоғары талаптарға байланысты олар біздің байқауларымызға қатыса алмайды. Егер осы кедергілерді алып тастасақ, бізде сапалы анимация болады деп ойлаймын. Сапалы дубляж», – деп атап өтті Балаева.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда сериалдардың дубляжы жақсы дамыған. Ал қазақ тіліндегі контент барған сайын сұранысқа ие болып отыр.

«Қазір қазақ контенті сұранысқа ие. Аудиторияның 80% қазақ тіліндегі контентті тұтынады. Бүгінгі кино, өнер тілі — қазақ тілі деп нық айта аламын. Нарық осыған бейәмделіп, барлық өнімдер қазақ тілінде жүретіндей бағытта жұмыс істейміз. Әрине, тұтынушыға назар аударамыз», – деп атап өтті Балаева.

Бұған қоса, министр «Қазақфильмге» де өзгеріс енгізу туралы айтты. Бірінші кезекте ұлттық студияны тікелей қаржыландыру туралы сөз қозғады. Дегенмен әзірге мәселенің тек талқылау үстінде екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз