Жаңалықтар

Депутаттар жол апатынан қаза тапқандардың жақындарына сақтандыру төлемін беруді ұсынды

Фото: shutterstock

Мәжіліс депутаттары жол-көлік оқиғасынан (ЖКО) қаза тапқан қазақстандықтардың мұрагерлеріне, олардың асырауында адамдар бар-жоғына қарамастан, сақтандыру төлемін жасау туралы талап қойды. Сонымен қатар, міндетті автосақтандыру бойынша ең жоғарғы төлем мөлшерін арттыруды сұрады. Бұл туралы депутаттар Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында мәлімдеді.

Қазіргі таңда, депутаттардың айтуынша, ЖКО салдарынан қайтыс болған адамның сақтандыру сомасы тек асырауында адамдар болса ғана мұрагерлеріне төленеді. Ал банк заңнамасына сәйкес, несиелік қарыздар мұрагерлерден асыраудағы адамдар бар-жоғына қарамастан өндіріледі.

«Жол апатында қаза тапқан баланың жағдайында сақтандыру заңнамасында ешқандай құқықтық салдар қарастырылмаған. Керісінше, ЖКО салдарынан үй жануарлары қаза тапса, сақтандыру төлемдері қарастырылған. Яғни, жануарлар үшін төлемдер бар, ал адамдар үшін жоқ?! Бұл әділеттік пен ақылға қонымды ма?! Сақтандыру адамдарды қорғауы керек, керісінше, қосымша қиындықтар туындатпауы тиіс», – дейді мәжілісмендер.

Сондай-ақ, депутаттар міндетті автосақтандыру бойынша төлемнің ең жоғарғы мөлшерін 600 АЕК-тен (2,2 млн теңге) жоғары арттыруды талап етті. Олардың пікірінше, бұл сома қазіргі кездегі көлікті жөндеу және қалпына келтіру құнына сай келмейді.

«Мәселен, қымбат көліктің бір ғана шамы бірнеше миллион теңге тұрады. Ал жөндеу сомасы одан әлдеқайда жоғары. ЖКО-ның кінәлі тараптары қымбат жөндеу ақысын төлей алмайды, бұл тек қана олардың қаржылық жағдайын емес, бүкіл отбасына да әсер етіп, кредит алуға және мүліктерін сатуға мәжбүрлейді», – деп қосты сауал авторлары.

Сонымен қатар, депутаттар қазақстандықтардың көпшілігі міндетті сақтандыру барлық шығындарды өтейді деп ойлап, ерікті сақтандыру жүйесі жұмыс істемей тұрғанын атап өтті. Сақтандырушылардың мүлікті тәуелсіз сарапшыларды тартпай, өздері бағалауы мәселесін де көтерді. Осыған орай, олар азаматтық-құқықтық жауапкершілік саласындағы сақтандыруға қатысты «маңызды өзгерістер» пакетін дайындауды ұсынды.