Жаңалықтар

Жыл басынан бері сомасы 43 миллион теңге көлемінде 1060 жалған банкнота тәркіленді

Елімізде жалған ақша жасау фактілері жиілеп кеткен / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Елімізде жалған ақша жасау фактілері жиілеп кеткен. ҚМА мәліметінше, бір жыл ішінде тәркіленген жалған банкноттардың жалпы сомасы 43 миллион теңгеден асады. Жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін 8 адам 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Жалпы, жыл басынан бері Қазақстан аумағында айналымнан 1 060 жалған банкнот тәркіленді, оның ішінде ұлттық валютада 647 000 теңге сомасына 141 дана, 90 400 АҚШ долларына 905 купюра, 2 000 еуроға 4 купюра, 1 000 юань сомасына 10 купюра.

Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды сақ болуға шақырды.

«Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болмас үшін жақсы бағам бойынша айырбастауды ұсынса да, бейтаныс адамдарға ақша айырбастамаңыз және валютаны «делдалдардан» сатып алмаңыз. Егер сіз жалған купюраны тапсаңыз, оны сатуға тырыспаңыз. Жалған банкноттар табылған жағдайда дереу ҚМА-ның аумақтық департаменттеріне жүгінуге шақырамыз» – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк 2011 жылғы және 2023 жылғы өзгертілген дизайндағы 5 мың теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру мерзімін 2025 жылдың 24 қыркүйегіне дейін ұзартты.