Павлодар облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасы құтқарушының өліміне байланысты туыстарына төленетін моральдық зиянның өтемақы мөлшерін қайта қарады. Қайғылы оқиға АО «Майқайыңалтын» аумағында автобустың шұңқырға түсіп кетуі кезінде орын алған болатын.
2023 жылдың қаңтарында құтқарушылар отырған автобус алтын кенішіне бара жатқанда апатқа ұшырап, төрт құтқарушының өмірін қиған еді. Қаза тапқан құтқарушылардың туыстары сотқа моральдық зиянның өтемақысын талап етіп, әрқайсысы үшін 30 млн теңгеден, жалпы 120 млн теңге сұраған болатын. Екібастұз қалалық соты бұл талапты толық қанағаттандырған еді.
Алайда, жауапкер сот шешіміне қайта қарау өтінішін жасады. Павлодар облыстық соты өтемақы мөлшерін азайтып, әр отбасы мүшесіне 7,5 млн теңгеден, жалпы 30 млн теңге төлеу туралы шешім шығарды. Сот алқасы бұл шешімді ақылға қонымдылық, әділеттілік және жеткіліктілік критерийлеріне сүйеніп қабылдағанын айтты. Соттың шешімі заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, «Майқайың» кенішіндегі шахтада қайғылы оқиға орны алды: жұмысшылар отырған автобус жер астындағы бос кеңістікке құлап, бірнеше адам қаза тапты. Арнайы комиссия жазатайым оқиғаға байланысты тексеру жүргізді. Соның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің толығымен кінәлі екені анықталды.
2023 жылы компания 9 млрд теңгеге жуық салық төлесе, биыл төлеген салығы күрт қысқарып, 2,2 млрд теңгені ғана құраған.