Қазан айында әлемдік нарықта электромобильдер мен гибридтер сатылымы 35%-ға өсіп, рекорд жаңартты

Жарияланды 13 Қараша 2024 19:20

(жаңартылды 13 Қараша 2024 19:21)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Продажи электромобилей в мире выросли на 35% благодаря Китаю

2024 жылдың қазан айында әлем бойынша электромобильдер мен гибридті көліктердің сатылымы өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға артып, 1,72 миллионға жетті. Бұл өсімнің басым бөлігі Қытайдың үлесінде, онда сатылым 54%-ға өсіп, 1,2 миллион көлікті құрады. Ал Еуропада өсім небәрі 0,8%-ды құрап, 0,26 миллион электромобиль сатылды. Бұл туралы британдық Rho Motion зерттеу компаниясының деректерін негізге ала отырып, Reuters хабарлады.

АҚШ пен Канадада өсім 11,4%-ға жетіп, 0,16 миллион электромобиль сатылды. Қалған аймақтарда бұл көрсеткіш 10,9%-ға артты. Дегенмен, Еуропада қыркүйекпен салыстырғанда қазан айында сатылым 14%-ға төмендегендіктен, айлық көрсеткіштер әлсіз көрінеді.

Сарапшылар Еуропадағы автокөлік өндірісіне бірқатар қиындықтар барын атап өтті. Оларға өндіріс шығындарының жоғарылығы және Қытайдың көлік өндірісіндегі бәсекелестігі кіреді. Rho Motion компаниясының деректер жөніндегі менеджері Чарльз Лестердің айтуынша, Еуропа нарығы алдағы айларда электромобильдерге өту және көмірқышқыл газын азайту мәселелеріне ерекше көңіл бөледі.

Қыркүйек айында электромобильдер мен гибридтердің әлемдік жеткізілімі жылдық есеп бойынша 30%-ға өсіп, 1,7 миллионға жетті.

Айта кетсек, сәуір айында Еуропада қытайлық электромобильдерге 10%-дық баж салығы салынған болатын. Шілдеде Еуропалық Одақ Қытайдан импортталатын электромобильдерге уақытша алдын ала баж салығын енгізіп, кейбір компаниялар үшін тарифтер 47,6%-ға дейін өсті. Қазан айының басында ЕО баж салығын 4,5 есе арттыру туралы дауыс бергенімен, қазанның соңында оны 35,5%-ға дейін бекітті. АҚШ-та да ұқсас шаралар қабылданып, тарифтер 25%-дан 100%-ға дейін өсті. Олар қыркүйек айының соңында күшіне енген еді.

Сондай-ақ оқыңыз