Легионерлері көп «Астана» велокомандасын қаржыландыруға жылына 31 млрд теңге кетеді – депутат
«Астана» велокомандасына жылына 31 млрд теңге жұмсалады. Команда мүшелері көбінде легионерлерден тұрады. Бұл туралы Мәжілісте депутат Мұрат Әбенов айтты.
Депутат шетелдік азаматтарға қомақты қаражат шығындауға қарсы. Айтуынша, бұл команда шетелдегі жарыстарда Қазақстан аты шығарып, туын желбіретіп жүрген жоқ. Сонымен бірге олимпиада ойындарында да еш нәтиже көрсете алмаған. Мұндай нәтиже көрсетпейтін командаға қомақты қараджат бөлуді Әбенов әбестік деп санайды.
«2020 жылы президент үлкен спортты квазимемлекеттік сектор есебінен қаржыландыруды қысқарту туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда көпшілік «Астана» велокомандасын қаржыландыру шектеледі деп күткен еді. Алайда, олай болмады. Бұл бизнес жоба. Ылғи шетелдегі жарыстарға қатысады. Команда ешбір жеңісінде Қазақстан туын көтеріп шықпайды. Қазақстанның аты да аталмайды»,- деді депутат.
Депутат велокомандадағы 29 адамның 10 ғана Қазақстан азаматтары екенін, қалғаны легионерлерден тұратынын айтты.
«Барлығы шетелде тұрады. Олар Қазақстанға келмейді. Арасынан өз бауырларымыздың фамилиясын да кездестірмейсің. Сонда біз кімді қаржыландырып отырмыз? Өткенде тексеріс жүргізіліп, жемқорлыққа қатысты бұзушылықтар анықталған. «Самұрық-қазынадан» 31 млрд теңге көлеміндегі қаражат осы командаға бөлінеді екен. Жалпы, Қазақстан спортына 35 млрд теңге қаражат бөлінеді»,- деді Әбенов.
Айта кетейік, бұл команда соңғы екі олимпиадада нәтиже көрсете алмаған. Команда капитаны Токиодағы олимпиадада 21-ші орынға, Парижде – 51 орынға ие болған. Осы орайда депутат еш нәтиже көрсете алмай отырған спортшыларға қомақты қаражат шығындауды орынсыз деп санайды.
«Одан да қаражатты өңірлердегі спортқа бағыттау керек. Талай чемпиондар шығады»,- деді депутат.
Алайда спорт министрі Ербол Мырзабосынов депутат келтірген мәліметтермен келіспеді. Айтуынша, велокоманданы қаржыландыруға жыл сайын 5-6 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді.
«Бүгінгі күні 4 клубқа талдау жүргізіліп жатыр. Хоккей клубы секілді легионерлерді елге қайтару мәселесі қарастырылуда. Өздеріңіз білесіздер, өз балаларымыз соңғы ойындарда өте жақсы нәтиже көрсетіп жатыр»,- деді министр.