Спорт министрі паралимпиада комитетін басқаратын Боранбаевтың жұмысын жақсы бағалады
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қайрат Боранбаевтың сотты болғанына қарамастан, Ұлттық паралимпиада комитетін басқаруда өзі міндетін жақсы атқарып жатқанын айтты. Бұл туралы министр мәжіліс кулуарында айтты.
Мәжілісте депутат Мұрат Әбенов спорт федарацияларын соттылығы бар, қаражат ұрлауға қатысы бар тұлғалардың басқаратынын тілге тиек етіп, мұның дұрыс емес тәжірибе деп бғалады. Депутат мысал ретінде Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаевты келтірді. Әбенов спортта әділдік, адалдық сынды қасиеттерге мән беру қажет екенін, спортшыларымыз бен федерация өзгелерге үлге-өнеге көрсетуі тиіс екенін атап өтті.
«Қазір қоғамда федерация басшылары ауысады деген үміт бар. Паралимпиадалық спорт басшылығына жақында сотталған және соттылығы өтелмеген адам келді. Мұндай басшылар түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысады, сол кезде ол президенттің қасында қалай тұратынын түсінбеймін. Ұрлық жасағаны үшін сотталған азамат паралимпиада спортын басқарып, ел намысын қорғайды. Ақша ұрлаған адамға біз мүгедектігі бар адамдар арасында спортты дамыту үшін ақша бөлеміз. Мұның моральдық жағына үңілу керек секілді»,- деді депутат.
Мәжіліс кулуарында Ербол Мырзабосынов Паралимпиада комитетінің жұмысын жақсы бағалап, мекеменің саланы дамытуға оң әсер етіп жатқанын айтты.
«Комитет басшылығына қатысты айтар болсақ, оны арнайы атқару комитеті сайлайды. Комитет жұмысынан министрлік ешқандай кемшілік көріп отырған жоқ, Ол адам жұмыс істеп жатыр. Өзінің аудиториясымен жақсы байланыс орнатқан. Халықаралық ұйымдармен жақсы қарым-қатынас құра біледі»,- деді министр.
Кулуарда журналистер Боранбаевтың сотты болуына байланысты Париж олимпиадасына шыға алмағанын, комитет басшысы ретінде спортшылардың жанында болуы керек екенін айтты. Министр оның орнына комитеттің бас хатшысы барғанын айта келе, Боранбаевтың экономикалық қылмыс үшін сотты болғанына қарамастан жұмысында кінәрат жоқ екенін атап өтті.