Жаңалықтар

Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін екі халықаралық банктен 337 млрд теңге көлемінде қарыз алады

бюджет тапшылығын
Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін екі халықаралық банктен қарыз алады / Коллаж; бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін Азия Даму банкінен және Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 15 жылға 52,3 млрд және 52,7 млрд иен көлемінде қарыз алады. Тиісті келісім мәжілісте ратификацияланды.

Қос банктен алынатын 105 млрд иен көлеміндегі қарыз жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығының бекітілген сомасы шегінде алынбақшы.

«Азия Даму банкінің қарызы Қазақстанға 52,3 млрд иен көлемінде 15 жыл мерзімге беріледі. Бұл мерзімге 2027 жылдың 1 маусымына дейінгі жеңілдікті кезеңі де кіреді. Қарыз қаражаты Қазақстан экономикасының тұрақтылығын сақтау үшін тартылып жатыр»,- деді Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева.

Қаржы және бюджет комитеті бұл жобалар бойынша қорытынды әзірлейді.

Айта кетейік, Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланған валюта бағамына сәйкес, 1 жапондық иен 3,21 теңгені құрайды. Солайша тапшылықты жабу үшін мемлекеттің Азия Даму банкінен алып жатқан қарызы 167,8 млрд теңгені, Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен алған несиесі 169,1 млрд теңгені құрайды. Қос банктен алынатан қарыз көлемі 337 млрд теңге болады.

Сонымен бірге комитет 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарайды. Бұл заң жобасы республикалық бюджеттің екі бағытын негізге ала отырып әзірленген.

Савельеваның айтуынша, бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгені құрайды. 2024 жылға арналған кірістердің бірінші жаңартылған болжамы бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмен болған. Соған орай бюджеттік жоспарға өзгеріс енгізілген.

«Республикалық бюджеттің шығыстары мен тапшылығының параметрлері Бюджет кодексінің 104 және 111-баптарына сәйкес үкімет 2023 жылға арналған бюджет қаражатының қалдығын пайдалана отырып 61,3 млрд теңге көлемінде бюджеттік түзетулерді ескере отырып өзгертілді. Сонымен бірге осы жылғы республикалық бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгені құрады»,- деді депутат.

Сонымен бірге комитет басшысы тапшылықты жою үшін Ұлттық қордан 2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлінгенін айтты.