Баланың жоғары білім алуы үшін мемлекет тарапынан алғашқы жарна бөлінетін «Келешек» бағдарламасына бес жастан асқан балалар қатыса алмайды. Бұл туралы мәжілісте Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов айтты.
«Заң қабылданған кезде алты, жеті және одан да көп жастағы балалар үшін бастапқы капитал көзделмейді»,- деді Ешенқұлов.
«Келешек» бағдарламасы бойынша әр балаға 60 АЕК (221520 теңге) көлемінде мемлекеттен алғашқы жарна төлейді. Ал ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар үшін мемлекет жарнасы 120 АЕК-ті (443040 теңге) құрайды.
Депутаттар қазір оқудың қымбаттап жатқанын, ал бірнеше жыл жинақталған соманың жеткіліксіз болатынын айтты.
«Бұл бағдарлама білімді қаржыландырудың негізгі көзі емес. Біз модельдеп көрдік. Егер 1 АЕК-тен жинап отырса, бала 18-ге толғанша 3,6 млн теңгеден астам қаражат, 2 АЕК-тен жинаса, 8 млн теңгеге жуық, 5 АЕК-тен жинаса 10 млнт теңге қаражат жинақталады»,- деді министрлік өкілі.
Сонымен бірге «Келешек» жүйесінде сыйақыны есептеу кезінде банктер үшін ең төменгі сомалар белгіленген. Талапқа сәйкес банктер беретін сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық банк белгілеген базалық мөлшерлемеден 200-300 базистік пунктке кем болмауы керек. Яғни, сол кезеңде Ұлттық банк белгілеген мөлшерлеме 15 пайыз көлемінде болса, банктерде сыйақы мөлшерлемесі 12 және 13% аралығында болады.
«Сонымен бірге жобаға сақтандыру компаниялары да қатысады. Бұл компаниялар бала асыраушысынан айырылса, немесе ата-аналары еңбекке жарамсыз болып қалса, бала 18-ге толғанша ата-анасының орнына шотты жүргізіп отырады»,- дейді Ешенқұлов.
Вице-министр банктердің сыйақысынан бөлек қосымша 5-7 пайыз көлемінде мемлекеттің кепілдендірілген сыйақысы берілетінін айтты. 5% – барлық қатысушылар үшін, 7% – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және әлеуметтік осал топтан шыққан балалар үшін төленеді.
Еске сала кетсек, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Келешек» ерікті жинақтау бағдарламасы жыл соңына қарай іске қосылатынын айтқан болатын. Жоба операторы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты қаржы орталығы болады.
Министрлік мәліметінше, «Келешек» жинақтау жүйесі мен Ұлттық қорда жиналатын балалар қаражатын біріктіруге болады. Ата-аналар «Келешек» бағдарламасымен жинаған ақшасы мен қорда жиналған ақшаны біріктіріп, баланың жоғары білім алуына жұмсай алады. Ал егер бала грант алса, бұл қаражатты баспана сатып алуға жұмсай алады, болмаса, оны бауырының немесе қарындасының оқуын төлеуге қалдыра алады.