Bloomberg: Қазақстан мен ОПЕК+ арасына сызат түсуі ықтимал

Жарияланды
Bloomberg есебі бойынша, Қазақстанның биыл он айдың ішінде 1,11 млн баррель мұнайды артық өндіріп отыр/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан ОПЕК+-тің мұнай өндіру квотасын жүйелі түрде бұзып жатыр. Келесі жылы Теңіздегі өндіріс артпақ. Бұл жағдайды тым ушықтырып жіберуі әбден мүмкін.

Бұл туралы Bloomberg жазды. Оған сенсек, Қазақстан қазан айында мұнай өндіруді тәулігіне 1,29 млн баррельге дейін қысқартқан. Қыркүйек айымен салыстырғанда, 290 мың баррельге азайтып отыр. Десе де, мұның өзі ОПЕК+ квотасынан жоғары болып тұр. Дәлірек айтқанда, 87 мың баррельге. Сонымен бірге, Қазақстан үшін ай сайын жыл бойы артық өндіру өтемі үшін таргет азайып жатыр.

Bloomberg есебі бойынша, Қазақстанның биыл он айдың ішінде 1,11 млн баррель мұнайды артық өндіріп отыр. Оның үстіне, келесі жылы жағдай бұдан да ушығуы мүмкін. Қазақстан мұнай өндіруді тәулігіне 260 мың баррельге дейін арттырмақ. Өйткені, Теңіз кен орнында өндірісті кеңейту жобасы қолға алынады. Бұл 2025 жылдың 2 тоқсанында іске асырылмақ.

Расында да, үкімет пен шетелдік инвесторлар мұнай өндіруді арттыру мақсатымен бұл жобаға 50 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып отыр. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамында да, бюджетте де мұнай өндірісін арттырудан түсетін табыс көрсетілген. Bloomberg-тің пікірінше, бұл жайт Қазақстан мен ОПЕК+-тің басқа мүшелері арасына сызат түсіруі ықтимал.

Мұның алдында ОПЕК+-тің мұнай өндірісін қысқарту мерзімін шегерген. Ұйымға мүше 8 ел бір айға ұзартуға келісім жасаған-ды. Атап айтқанда, Сауд Арабиясы, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Ресей, Алжир және Оман осындай келісімге келген. Бұл келісім бойынша, мұнай көлемін күніне 2,2 миллион баррельге дейін қысқарту көзделіп отыр. Желтоқсан айының аяғына дейін арттырмауға уағдаласқан.

Сондай-ақ оқыңыз