Жаңалықтар

Польшада НАТО-ның зымырандарға қарсы қорғаныс базасы ашылды

Польшаның қорғаныс министрі Редзикова базасы Солтүстік альянстың басқаруына өтетінін айтқан/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бүгін Польшада зымыран қондырғысы бар америкалық әскери база ашылмақ. Редзиково қаласы маңындағы Aegis базасы Ресей шекарасынан небәрі 165 шақырым жерде орналасқан. Aegis жүйесінде баллистикалық зымырандарға қарсы тұратын SM-3 зымырандарын ұшыру қондырғысы мен радар орнатылған.

Polsat News-дің хабарлауынша, базаның салтанатты түрде ашылу рәсіміне НАТО өкілдері мен Польшаның қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш қатысады.

Польшалық ақпарат құралының мәліметіне қарағанда, Польшаның қорғаныс министрі Редзикова базасы Солтүстік альянстың басқаруына өтетінін айтқан.

Бұл база баллистикалық зымырандарды табу, бақылау және атып түсіру қызметін атқарады. АҚШ мұның алдында «база Ресей шекарасына жақын орналасқанымен, Мәскеудің әскери-стратегиялық потенциалын бәсеңдете алмайды» деп мәлімдеген болатын. Вашингтонның пікірінше, ол Батыс Еуропаны «Иран зымырандарынан» қорғамақ.

Алайда, Deutsche Welle ақпаратына қарағанда, польшадағы НАТО базасы ресейлік зымырандарды атып құлата алады. Польшаның сыртқы істер министрі Радослав Сикорскийдің сөзіне қарағанда, базаның тұжырымдамасына өзгеріс енгізілуіне Ресейдің Украинаға басып кіруі түрткі болған.

«Келіссөздер барысында «бұл база АҚШ-қа ұшырылған ирандық зымырандарды ғана емес, Польшаға қарай ұшқан ресейлік зымырандарды да атып құлатсын» деп (АҚШ тарапын – ред) көндірдім», – дейді Сикорский.

Бұл база Еуропада ашылған екінші зымырандарға қарсы  нысан болып отыр. Алғашқысы 2016 жылы Румынияның Девеселу елді мекенінің маңында ашылған болатын. Бұдан бөлек, НАТО-ны Испанияның Рота қаласында тұрақты орналасқан АҚШ-тың әскери-теңіз күштерінің төрт эсминеці қорғайды. Сонымен қатар, Түркияның Куреджик аймағында ерте хабарлайтын радар орналасқан.

Ресейдің Бас штабының айтуынша, Румыния мен Польшада орналасқан қондырғылар тек қорғаныс мақсатында ғана қолданылмайды, Tomahawk секілді орташа радиусқа ұшатын қанатты зымырандарды да ұшыра алатын көрінеді.