Жаңалықтар

Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, билікті басып алмақ болды деген күдікпен бір топ адам ұсталды

Ұсталғандардың ішінде үш адам шетел азаматы болып шыққан, олар шетелдегі соғысқа қатысқан, қан төккен адамдар екен/фото: Қырғызстан ІІМ баспасөз қызметі

Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің шұғыл қызметінің хабарлауынша, билікті басып алуды жоспарлап, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғысы келген 7 күдікті ұсталған.

Құқық қорғау органдарына бір топтың қоғамдық-саяси ахуалды ушықтыруға дайындалып жатқаны жөнінде ақпарат келіп түскен.

Қырғыз билігіне сенсек, бұл ұйымдасқан топтың  әр қатысушының рөлі нақты анықталыпты. Құрамында ұйымдастырушы, көмекшілер, қаржыгерлер, орындаушылар бар көрінеді.

Жоспар бойынша, Бішкектің шетінде ұлттық спорт жарысын өткізіп, оның соңында билікті төңкеруге шақыратын ұрандар көтерілуі тиіс болған. Бұл ойын 2024 жылдың 17 қарашасында жергілікті кенештер сайлауы күні әдейі белгіленген.

Жиналған материалдардың негізінде ІІМ бірнеше қылмыстық іс қозғап отыр. Соның бірі – қару қолдануға, зорлық-зомбылыққа ұласқан жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындық.

Ұсталғандардың ішінде үш адам шетел азаматы болып шыққан.  Және олар шетелдегі соғысқа қатысқан, қан төккен адамдар екен. Бірақ бәрі де Ош тумалары. Бірінің міндеті – дайындығы бар адамдарды іріктеп, оларды ұйымға тартып, нұсқау беру, арақ-шарап, азық-түлік сатып алу, жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетін бақылап, ұйымдастырушылар мен үйлестірушілерге ақпарат беріп отыру.

Бұл күдіктіден тінту кезінде граната, патрон, үш квадрокоптер, жылу түсіргіш құрал, оптикалық нысана көздегіш құралдар табылып отыр.

Тағы бір күдіктіден пистолет, оқтар, 5,7 грам «гашиш» табылған.

Үшінші күдікті шетелдегі соғыс кезінде дрондарды басқаратын маман болған. Жарылғыш заттарды дайындап, қолдану дағдылары бар.

Ұйымдастырушы мен үйлестіруші қызметін алған – Шу облысының тумасы. Бұрын ол бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Жоғарыда аталған күдіктілерді тартып, ақша берген де осы азамат екен. Ол мұнымен шектелмей, месенджерлер бойынша арандатушы видеороликтер мен сілтемелерді таратқан. Қырғыз билігінің пікірінше, бұл күдіктінің міндеті – бұрын сотталған, төңкеріс жасауға дайын деструктивті элементтерді табу, қаржыландыру.

Ұйымдасқан топ жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға тарату үшін 1000 бөтелке арақ, 2000 бөтелке су, 1 тонна күріш, сойысқа 1 ат, палау басуға азық-түлік сатып алған.  

Ұсталғандарға жаппай тәртіпсіздікке дайындалу, ұйымдасқан топты қаржыландыру, билікті басып алуға әрекет ету, шетел аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысу айыптары тағылып отыр.