Ресей 40 тонна жүгеріні Қазақстанға қайтарып жіберді

Жарияланды
Ресей Қазақстанның бірқатар ауыл шаруашылық өнімдерін шекарадан өткізуге тыйым салып отыр/фото: shutterstock

Ресейдің Орынбор облысында Қазақстаннан әкелінген 40 мың тонна жүгері ұрығы ұсталынып, кері қайтарылған. Ресейдің ауыл шаруашылығын қадағалау мекемесінің пікірінше, бұл ауыл шаруашылығы өнімі «заңсыз» тасымалданыпты.

«2024 жылы 8 қарашада Ресейдің ауыл шаруашылығын қадағалау басқармасының өкілетті тұлғалары құжаттық бақылау барысында Ресей мемлекеттік шекарасының қазақстандық-ресейлік бөлігінде Қазақстан Республикасынан әкелінген жоғары фитосанитарлық қатері бар карантинге жататын өнімді заңсыз тасу әрекетінің жолын кесті», – делінген ресейлік органның хабарламасында.

Ресейдің ауыл шаруашылығын қадағалау мекемесінің ақпаратына қарағанда, карантиндік өнімді фитосанитарлық және ұрықтық тексеру кезінде, Қазақстаннан жалпы көлемі 40,7 тонна жүгері ұрығы әкелінгені анықталыпты. Олар – Австрия және Франциядан шыққан «Норико» және «Деликао» гибриді. Ұрықтық көлемі – 1 600 қап.

 «Бақылау барысында карантиндік өнімнің ұрығында ГМО-ның бар-жоғын растайтын құжат болмағаны анықталды. Оның үстіне, сұрыптық және егістік сапасын растайтын құжатта зерттеу жүргізген шетелдік мемлекеттің зертханасы ұрықты сынақтан өткізу бойынша аудиттен өтпеген», – дейді Ресейдің ауыл шаруашылығын қадағалау басқармасы.

Бұл мекеменің мәліметінше, ресейлік заңға сәйкес, ұрықтық өнімдерді әкелуге тыйым салынған. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылыпты. Ақырында 40 тонна жүгері ұрығы Қазақстанға қайтарылған.

Мұның алдында Ресейдің ауыл шаруашылығын қадағалау басқармасы Қазақстан тарапы «алаяқтық» жасайды деп мәлімдеген еді.  Бұл мекеменің дерегінше, Қазақстанның ауыл шаруашылық министрлігі жанындағы мемлекеттік инспекция комитеті жалған 100 фирманың реквизиттерін пайдаланған. Ресей Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдерін, атап айтқанда, қауын, астық, көкөніс және басқа да тауарларды шекарадан өткізуге тыйым салып отыр.

Мемлекеттік инспекция комитеті болса, бұл айыптауларды негізсіз деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз