Жаңалықтар

Қазақстандағы айлық инфляция орташа тарихи көрсеткіштен асты – Ұлттық Банк

Қазан айында инфляцияның бір айдағы өсімі 0,9% болды/фото: shutterstock

Ұлттық Банктің мәліметінше, қазан айында еліміздің 8 өңірінде инфляция күшейген. Қазір 8,5%-ға жетіп отыр. Ал өткен қыркүйекте 8,3% болған еді.

Жылдық инфляцияға келсек, оның Қазақстанның 10 өңірінде баяулағаны тіркеліп отыр. Ал 8 өңірде жылдамдай түскен. Екі өңірде көрсеткіштер өзгеріссіз қалыпты. Ұлттық банктің мәліметінше, инфляция бойынша Астана мен Маңғыстау көш бастап тұр.

Қазан айында азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны 4,9%-ға дейін азайған. Қыркүйек айында 5,1%-ға жеткен болатын. Алматы қаласында азық-түлік 7,4%-ға қымбаттаса, ең аз көрсеткіш Түркістан облысына тиесілі. Оңтүстікте баға небәрі 2,7 пайызға өсіпті.

Ұлттық банктің хабарламасын қарағанда, өткен айда азық-түлік емес тауарлардың бағасы қымбаттай түскен. Өсім қарқыны 7,8%-ға жетіп отыр. Қыркүйек айында бұл көрсеткіш 7,6% болған еді. Бұл жерде Түркістан облысы қымбатшылық жағынан өзге облыстарды артқа тастаған. Мәселен, Жетісу облысында аталған тауарлардың бағасы 5,0%-ға өссе, Түркістан облысында 13,2%-ға дейін көтерілген.

Ұлттық Банктің есебіне қарағанда, ақылы қызмет бағасы өткен айда шарықтау шегіне жеткен.  Орташа қарқыны 14,3%-ға жетіп отыр. Қыркүйек айында 13,6%-ға өскен еді. Мәселен, Павлодар облысында осы саладағы баға еліміздегі жалпы көрсеткіш деңгейінен жоғары тұр. Айталық,бұл өңірде өсім көрсеткіші 18,1%-ға жетіп отыр. Ең азы, 8,3%-бен Алматы облысының еншісіне тиіп отыр.

Қазан айында инфляцияның бір айдағы өсімі 0,9% болды. Ұлттық банктің дерегінше, бұл орташа тарихи көрсеткіштен жоғары. Айталық, 2017-2021 жылдар аралағында қаңтар айларында 0,7% өсім тіркелген еді.