Доллар кейінгі 5 сессия қатарынан нығайды. Доллар индексі соңғы 12 айдағы ең жоғары көрсеткішіне жеткен. Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары доллардың нығаюы мен алдағы салық аптасына дайындалған нарық қатысушыларының валютаны алдын ала айырбастуы өзара байланысты екенін айтады.
Қазақстан қор биржасында соңғы 3 күнгі сауда-саттықта қатты қымбаттаған доллар, тек сәрсенбі күні өсімін тоқтатып, 492,22 теңге деңгейінде тұрақтады. Қаржыгерлер қауымдастының мамандары оған Ұлттық банктің «нарыққа араласып, интервенция жасауымыз ықтимал» деген сөзі әсер етті дейді.
Сарапшылардың пайымдауынша, нарық ойыншылары доллардың тиімді бағамын пайдалану үшін, валютаны алдын ала айырбастаған. Өйткені алда салық аптасы келе жатыр.
Қаржыгерлер бұл пайымына дәләл ретінде қор биржасында валюта сауда-саттығының күрт артуын келтіреді. Бұл күндері сауда-саттық көлемі 45 млн долларға артып, 298,6 млн долларға жеткен.
Айта кету керек, қараша айында 2024 жылдың ІІІ тоқсанындағы маңызды салықтар төленеді. Бизнес 25 қарашаға дейін рента салығын, жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемдерін, корпоративтік табыс салығын, пайдалы қазбаларды өндіру салығын және ҚҚС төлеуге міндетті.
Сондай-ақ, доллар индексі көтерілуін жалғастырып, бір жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Сарапшылардың пікірінше, оған Трамп ұстанған саясат, инфляцияның өсуі және Федералды резерв жүйесінің жоғары мөлшерлемелерді ұстауы себеп.
Бұған дейін қазақстандық сарапшылар Трамп тұсында доллар бағамы қалай өзгеретінен қатысты өз болжамын айтқан. Экономист Айдар Әлібаевтың айтуынша, Трамп билікке келген соң, доллар одан әрі нығая түспек.