«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 2023 жылғы таза пайдасынан 65 млрд теңге қосымша дивидендті республикалық бюджетке аударады. Холдинг акционері – Қазақстан үкіметінің шешімі Қазақстан қор биржасында орналастырылған.
Мамыр айында холдинг былтырғы таза пайдасынан 61,16 млрд теңге дивиденд төлеген болатын. Алайда жақында үкімет холдинг төлейтін ең төменгі дивиденд мөлшерін 14,2%-дан 30,95%-ға дейін көтеру туралы арнайы қаулы қабылдаған.
Нәтижесінде холдинг 2023 жылғы таза пайдасының 30,95 пайызы – 126,16 млрд теңгені мемлекеттік акциялар пакетіне дивиденд ретінде төлейді. Ал таза пайдасының 281,48 млрд теңгесі холдингтің иелігінде қалады.
Холдинг былтыр 407,6 млрд теңге таза пайда тапқан болатын. 2023 жылы бір жай акцияға төленген дивиденд мөлшері 83,77 теңгені құрады. 2022 жыл нәтижесінде бойынша «Бәйтерек» холдингі дивиденд төлеуге таза пайдасының 15,4%-ын жұмсаған.
Үкіметтің былтырғы пайдасынан төлейтін дивиденд мөлшерін 2 есе көбейту туралы қаулысы 8 қарашада шыққан.
Басқарушы холдинг пайдасынан көбірек дивиденд бөлу туралы шешімі бюджет тапшылыған байланысты туындауы ықтимал. Өйткені қазір Қазақстан бюджетінің тапшылығы тереңдеп барады. Бюджетте қаржы тапшы.
Нәтижесінде Қаржы министрлігі биылғы бюджетті қайта қарады. Биыл бюджет кірісі жоспардан 2 трлн теңгеге кем түсті. Нақтыланған цифрларға сәйкес, республикалық бюджеттің жалпы кірісі – 20,2 трлн теңге, шығысы – 23,4 трлн теңге деп бекітіледі.