Кеңес Рақышевтің компаниясы 9 айда жарты млрд теңге шығынға ұшырады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
кеңес рақышев
Коллаж: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Кәсіпкер Кеңес Рақышевтың Fincraft Resources холдингі 2024 жылдың 9 айында 524,5 млн теңге шығынға ұшыраған. Бұл туралы компанияның шоғырландырылған аралық қаржы есебінде жазылған.

Қаржы есебінде компания 9 айда қанша түсім алғаны көрсетілмеген. Сатылымның өзіндік құны туралы баған да бос. Алайда түсім мен сатылымның өзімдік құнының айырмасы саналатын – жалпы табысы да теріс мәнде көрсетілген. Ол 573 млрд теңгеге тең болған.

Компанияның операциялық шығыны 500 млрд теңгеге жетіп қалды. Үздіксіз қызметтен болған шығын – 15 есе өсіп, 218,3 млн теңгеге дейін жеткен. Тоқтатылған қызметтен келген шығын 306,3 млн теңгені құраған.

Холдингтің жиынтық активі 2023 жылдың 9 айындағы 22,3 млрд теңгеден 22,7 млрд теңгеге дейін жеткен. Соның 13,7 млрд теңгесі – ұзақмерзімді активтер. Міндеттемелері 1,6,7 млрд теңгені құрайды.

2023 жылдың қорытындысында компания 678 млн теңге шығын алған болатын. Шығынға белшесінен батса да, акционерлеріне 400 миллион теңгеге жуық дивиденд төлейтінін хабарлады.

Соңғы бір жылда Fincraft Resources бірнеше активін иеліктен шығарды. Маусым айының соңында Nomad west oil мұнай компаниясының 50 пайыздық үлесінен құтылса, Батыс Қазақстан облысында гипс өндіріп жүрген «Индергипс» компаниясындағы үлесін сатты.

Одан бөлек, 4 қарашадан жұмыс істемей тұрған «Орталық Азия инвестиция-консалтинг» деген еншілес мекемесін жапты. Бұл компанияны есепті кезеңнен кейін жабылғандықтан, есепте холдинг құрамында көрсетілген.

Енді Fincraft Resuorces құрамында 4 компания қалды. Олар: BTM Holding limited жеке компаниясы, «Каз Никель» ЖШС, «Ертіс» ферроникель комбинаты, BMT Nico компаниясы.

Компания 2001 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде құрылған. Ал 2006 жылы акционерлік қоғам болып қайта құрылып, 2018 жылы атын Fincraft Resources деп ауыстырды.

Қаржы есебіне сәйкес, Fincraft Resources акцияларының 78,85%-ы Fincraft Group-қа, қалған 21,15 пайызы басқаларға тиесілі. Ең соңғы иесі – Кеңес Рақышев.

Кеңес Рақышев Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде 19-шы орында тұр. Оның байлығы 435 миллион долларға бағаланады.

Сондай-ақ оқыңыз