Lifestyle

2025 жылы жаңа Kia Seltos таныстырылады: кроссовердің келесі буыны несімен ерекшеленеді?

Kia Seltos-қа гибрид қозғалтқыш орнатылмақ
Kia Seltos-қа гибрид қозғалтқыш орнатылмақ / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы Қазақстанда танымал болған Kia Seltos көлігінің екінші буыны таныстырылмақ. Kia Motors жуырда ғана кроссоверді сынақтан өткізді. Автотұрақтардың бірінде жаңа Seltos прототипін байқаған Healer TV YouTube арнасы көлікті «шағын Kia Telluride» деп атады

Кроссовердің келесі буыны несімен ерекшеленеді?

Жаңа Seltos-тың сыртқы жарық шамдары бұрынғыдан үлкендеу болмақ. Сонымен қатар пішіні де өзгерген, шамдар алдыға ғана қарамайды, бүйірге қарай орналасқан. Kia Telluride дизайнына шағын кроссовердің, әсіресе, осы тұсы ұқсас. Сонымен қатар бұл жолы көліктің сыртқы дизайны бұрынғыдай ықшам емес. Көлік дизайнерлері қалалық типтегі кроссоверге бұл жолы барынша батылдық сыйлауға тырысқан.

Нарыққа Seltos-тың гибрид нұсқасы шығады

Shorts car басылымы көліктің функционалдық прототипінің суретін жариялады. Жаңа модельдің сыртқы түрі мен ішкі дизайнынан бөлек, қозғалтқышында да өзгерістер бар. Енді автокөлікке гибрид қозғалтқыш орнатылмақ. Бұл заманауи шешім деуге болады. Себебі қазір нарықта электрокарлардың тренді бәсеңдеп, гибридтер «сәнге» айнала бастады. Kia-да бұл өзгерістен қалыс  қалмай, кейінгі модельдеріне тоқпен де, жанармаймен де жүретін жүйе орнатуды қолға алды. 

«Электромобильдер сатылымы бәсеңдеген кезде Kia танымал бола бастаған гибридтерді мүмкіндігінше көп шығаруға ынталы. Сондықтан жаңа Seltos электр және бензинмен қатар жүреді», – деп жазды автосарапшылар. 

Гибрид соңғы уақытта сұраныс мүлде төмендеп кеткен дизельдік модификацияға балама болмақ. 

Бастапқыда темір тұлпар алдыңғы жетекті болады

Kia Seltos сыртқы нарықта танымал Niro және Hyundai Kona сияқты шағын гибридті беріліс қорабымен жабдықталады. 

Атмосфералық 1,6 литрлік жанармай мен электр қозғалтқыштың қуаты – 141 ат күшіне және 265 Нм-ге тең. Алайда кроссоверді қайта зарядтау мүмкіндігі қарастырылмаған. Автокөлік жылдамдығын 60 шақырым/сағаттан асырған кезде, бензин қозғалтқыш электр қозғалтқышты автоматты түрде зарядтай бастайды.

Әзірге гибрид кроссовер тек алдыңғы жетекті болып шығарылады. Кейін Seltos гибридіне толық жетекті электронды жүйе (E-AWD) орнатылады. Бұл ретте диллер Еуропа нарығына көз тігіп отыр. Кроссовердің келесі буынының алғашқы партиясы дәл осы Еуроодаққа импортталуы мүмкін.

Жаңа Kia Seltos келесі жылдың тамыз айында таныстырылады деп жоспарланған. Темір тұлпар  Оңтүстік Кореяның Куаңжу қаласындағы Kia Autoland зауытында шығарылмақ.

Айта кететіні, Kia Seltos Қазақстанға 2020 жылы әкелінді. Бастапқыда Оңтүстік Кореядан, соңғы жылдары Қытайдан импортталуда. Ел нарығынан импорттық «сұр» диллерлердің автокөліктерін жабдықталғанына қарай 6,5 млн теңгеден 12 млн теңгеге дейін сатып алуға болады. Ал Қазақстандық диллер көлікті 5 жыл кепілдікпен 12 млн теңгеден 15 млн 790 мың теңге аралығында сатады. 

Еске сала кетсек, жуырда ғана Kia жаңартылған Sportage кроссоверін таныстырды. Аталған көлік 2025 жылдың екінші тоқсанында сатылымға шығарылмақ. Сонымен қатар оның да гибридті нұсқасы шығарылады.