Ресейлік бизнес Қазақстан банктерінің талаптары күшейгеніне алаңдаулы
Ресейде тіркелген бизнес өкілдері күзде Қазақстан банктерінің төлем жүргізу мерзімінің өскенін байқаған. Енді ол екі айға созылуы мүмкін. Қазақстандық банктер қайталама Санкциялар қаупіне байланысты бақылауды күшейтуді жалғастыруда.
РБК ақпаратына сүйенсек, Қазақстан банктері 2024 жылдың күзінде ресейлік бизнестің төлемдерін жүргізу мерзімін күрт ұлғайтқан.
«2024 жылы қарашаға қарай Ресей мен Қазақстан арасындағы төлемдерді жүргізудің орташа мерзімі 2024 жылғы шілдемен салыстырғанда 24% ұлғайған. Ал кей жағдайда екі айға дейін созылуы мүмкін», – деді ПЭС көлік компаниясының қаржы директоры Роман Ромашевский.
Оның айтуынша, уақыттың ұзаруына қазақстандық банктердің Ресейден аударымдарға қатысты комплаенсті күшейтуі себеп болған. Яғни қаржы ұйымдары ақша жөнелтуші және алушы компаниялар, тауардың сипаттамалары және мәмілеге қатысты толық құжаттар мен түсініктемелерді талап етіп бастаған.
Қазіргі таңда Ресей мен Қазақстан арасындағы төлемдердің орташа мерзімі бірнеше аптадан екі айға дейін созылған. Nordic Star адвокаттар бюросының басқарушы серіктесі Андрей Гусевтің сөзінше, транзакция неғұрлым күрделі және үлкен болса, оны өңдеу соғұрлым ұзақ болады. Қазір төлем жүргізудің орташа мерзімі екі-үш аптаны құрайды. Төлем жасау жағдайы шамамен үш апта бұрын нашарлаған.
«Қазақстанда кедендік рәсімдеумен тікелей келісімшарттар туралы айтып отырмыз, транзит туралы емес. Транзитті шамамен бір жыл бұрын өткізу мүмкін болмады. Сондықтан біз жағдайды тұрақтандырғанға дейін қазақстандық банктерді пайдаланбау туралы шешім қабылдадық. Бұл ұзақ және экономикалық тұрғыдан тиімсіз болды», – деп толықтырады Digital ВЭД негізін қалаушы Анна Фомичева.
Ресейлік бизнестің айтуынша, Қазақстан негізінен төлем жасалған тауарға қатысты мәліметтерді сұрай бастаған. Келісімшарт, тапсырыстар, өтінімдер, тауар кодтары, жүктердің фотосуреттерін жіберіп отыру қажет.