Трамп әкімшілігінде бейбіт келісім жүргізетін Украина бойынша арнайы елші пайда болады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Трамп әкімшілігінде Украина бойынша арнайы елші пайда болады
Трамп әкімшілігінде Украина бойынша арнайы елші пайда болады / Фото: АР

АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың әкімшілігінде Украина бойынша арнайы елші пайда болады. Оның басты міндеті соғысты тоқтатып, бейбіт келісімге қолжеткізу.

Fox News ақпаратына сүйенсек, елшінің нақты кім болатыны алдағы уақытта белгілі болады. 

«Бұл беделі жоғары адам болуы тиіс. Оған бейбіт келісімге келу жолын табу міндеті жүктеледі», – деп жазады басылым.

Айта кетейік, Трамптың алдыңғы президенттік қызметі кезінде мұндай қызмет болған. Ал қазіргі президент Джо Байден әкімшілігінде қызметті қысқартқан. Бұл қызметті Трамптың кезінде Курт Уокер атқарған. Ол 2017-2019 жылдар аралығында Украина-Ресей жанжалын шешуге бағытталған Минск келісімінің сақталуына жұмыс істеген.

Уокер ресми түрде ерікті кеңесші болып саналып, мемлекеттік қызметкер ретінде жалақы алмады. Fox News жаңа арнайы өкілдің өз міндетін тегін орындайтынын атап өтті.

Сайлау науқаны кезінде Трамп сайланған жағдайда Мәскеу мен Киевті келіссөздерді бастауға мәжбүрлеудің жолын тауып, соғысты жақын арада тоқтататынын айтқан еді.

12 қарашада Финляндия президенті Александр Стуббпен телефон арқылы сөйлесу кезінде «бейбіт келісім туралы» талқылаған. Стубб Трамптың 20 қаңтардағы инаугурациясына дейін мәселе шешу жолдары барын айтқан.

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ сайлауынан кейін Трамппен сөйлесуге дайын екенін мәлімдеді. The Washington Post басылымы Путин мен Трамп телефон арқылы сөйлесіп, Трамп Путинді «Украинадағы соғысты ушықтырмауға шақырғанын» жазған. Алайда ресми Кремль бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Трамп жеңгені туралы мәліметтер пайда болғанда оны алғашқы болып құттықтағандардың сапында Украина президенті Владимир Зеленский бар. Телефон арқылы тілдескеннен кейін Зеленский әңгіменің «жақсы» өткенін айтты. Трамп АҚШ-тың әлі де Украинаны қолдай беретінін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз