«Жезтырнақ»: дәстүрлі аңыздағы кейіпкер күлкілі комедияға қалай келді?

Жарияланды 14 Қараша 2024 16:50

(жаңартылды 15 Қараша 2024 07:57)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Жезтырнақ фильм
«Жезтырнақ» фильмі: аңыздағы кейіпкерді комедияға айналдыру / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақ халқының ертегілері мен аңыздарына заманауи көзқараспен қарау мүмкін бе? Жаңа қазақстандық «Жезтырнақ» мистикалық комедиясы көрерменге өзгеше фильм болып көрінуі мүмкін. Мұнда қазақ дәстүрімен экшн, көңілді комедиямен хорорды байланыстыруға тырысқан. Картина авторлары көрерменді қазақ мифологиясымен таныстырып, қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін қозғауға тырысады. Фильм 14 қарашада еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастады.

Жезтырнақ деген кім?

Фильмнің атауы қазақ фольклорындағы танымал кейіпкердің бірі — жез тырнақты әрі жылтыраған азу тісті сұлу әйел бейнесінде келетін «Жезтырнақ» есімді мақұлық. Ол әдетте қазақ батырларының хас жауы ретінде көрсетіледі. «Құламерген» ертегісінде немесе «Алпамыс батыр» эпосында антогонист болады. Фильм де ежелгі дәуірде жезтырнақтармен күрескен батырлар туралы аңыздан басталады. Авторлар осы аңызға жаңа көзқараспен қарауға шақырады.

Сюжет

Фильм желісі бойынша жезтырнақтар адам қанымен қоректеніп, толағай күшке ие болып, ұзақ ғасырлар бойы өмір сүреді. Олардың барына ешкім сенбесе де, бірақ олар біздің арамызда жүр.

Басты кейіпкер Мирасқа есімді қарапайым жігіт үйдің үлкен баласы ретінде ата-анасы жауапкершілік артқан. Қазақы тәрбиемен өскен бала күндіз-түні аянбай еңбек етеді. Оның отбасын қарапайым мәселелер алаңдатады: несиені уақытында төлеу, ұлдарын үйлендіру. Тек атасы ғана өздерінің қарапайым отбасы емес екенін айтып, заманында жезтырнақтармен күрескен атақты Мамай батырдың ұрпақтары екенін айтады. Отбасы оның бұл әңгімесін жәй ғана аңыз деп біледі.

Мирас әдемі әрі табысты Айна деген қызбен танысып, оған ғашық болады. Сымбатты, көздері от ойнаған бай қыздың өзімен кездесуге келгеніне таңданады. Алайда Айнаның үлкен құпиясы бар, оның отбасы – жезтырнақтар.

Неге көру керек?

  • Біріншіден, фильм арқылы қазақ мифологиясына, мәдени мұрасына сапар шегуге болады. Музыка, кейіпкерлердің образдары, безендіру барлығы қазақ мәдениетінің көрінісі.
  • Операторлық жұмыс. Экшн сахналары, қорқынышты сюжеттер кезінде оқиғаның ортасында жүргендей әсер қалдырады.
  • Ерекше жанр. Қазақстанды хорор фильмдер түсіріліп келеді. Алайда мәдениетпен байланыстырылған көңілді хорор комедия болған емес.
Сондай-ақ оқыңыз