
Ақтөбе облысындағы тікұшақ апатына не себеп болғаны анықталып жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев айтты.
Қандай жағдай салдарынан болғаны анықталып жатыр. Әртүрлі нұсқа бар, бірақ басты нұсқа – техникалық ақау, – дейді ол.
Айта кетейік, 9 қарашада Мартөк ауданы Сарыжар ауылы маңында тікұшақ қатты қарқынмен қонған. Бортта 3 адам болған. Бір адам қаза тапты, екі адам ауруханада жатыр.
Қаза тапқан Батыр Оразымбетов өзінің қызмет жолында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдарды атқарған. Офицердің МИ-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар екені айтылады. Оның жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады.
Апатта жарақ алған әскери институт авиациялық эскадрильясының командирі, майор Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы аға лейтенант Рүстем Нығметов зардап шеккен. Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше екі науқас дүйсенбі күні палатаға ауысып, жағдайлары жақсарып келеді.