24 қазан мен 13 қараша аралығында Жайық-Каспий аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Каспий теңізі жағалауынан 1034 итбалықтың өлексесін анықтады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, мұндай жағдайдың себептері табиғи құбылыстар, атап айтқанда, су асты жер сілкіністерінен кейін болатын табиғи газ бөлінісі болуы мүмкін. Итбалықтардың қырылу себептері туралы нақты қорытындылар зертханалық зерттеулер аяқталғаннан кейін белгілі болады, бұл зерттеулерге ғылыми ұйымдардың мәліметі бойынша, шамамен 3-4 ай қажет.
Балық шаруашылығы инспекциясы аумақтағы суды үнемі бақылап, итбалықтардың жаппай қырылу факторларын анықтап жатыр. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қызметкерлері де патологиялық материалдардан сынамалар алды. Бұл сынамалар қазіргі уақытта Астанадағы Ұлттық ветеринария референттік орталығында инфекциялық аурулардың бар-жоғына зерттеліп жатыр. 2024 жылғы 13 қарашадағы жағдай бойынша пастереллез, құс тұмауы, жыртқыштар обасы, сальмонеллез және листериоз сияқты ауруларға ПТР әдісімен зерттелген барлық сынамалар теріс нәтиже көрсетті.
Каспий теңізі жағалауын бақылау жалғасып жатыр. Айта кету керек, Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылу жағдайлары 2000-жылдардың басынан бері тіркеліп отыр. Атап айтқанда, 2000 жылы 10 000-ға жуық өлі итбалық табылып, олардың өлу себебі созылмалы токсикоз ретінде анықталған еді.