Кәсіпорындардағы дайын өнім, шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны баяулады
Ұлттық банкінің Ақша-несие саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин 2024 жылдың III тоқсанына арналған кәсіпорындардың мониторинг нәтижелері бойынша түсініктеме берді.
2024 жылдың III тоқсанында кәсіпорындардың дайын өнімдеріне, шикізат пен материалдарға бағаның өсу қарқыны бәсеңдегені анықталды.
Кәсіпорындар өнімінің бағасы өсудің баяулауына байланысты диффузиялық индекс (ДИ) 56,9 құрады (II тоқсанда – 57,9 болған). Дайын өнімге деген сұраныс өсім аймағында қалып, сәл ғана төмендеді, ДИ 50,7 (50,9) құрады.
Орташа сату рентабельділігі (пайыздарды, салықтарды және амортизацияны шегергенге дейінгі) жалпы экономика бойынша 24,4%-ға дейін (23,7%) артып, орташа тарихи нормадан жоғары көрсеткішке жетті.
Кәсіпорындар бизнес жүргізудің негізгі кедергілерін де атады. Олардың қатарында экономика жағдайы (28,8%), салық деңгейі (28,5%) және нарықтағы бәсекелестік (29,4%) бар. Басқа кедергілер қатарына білікті кадрлардың тапшылығы (26,8%), сатып алушыларды іздеу (24,5%), лицензиялар мен рұқсаттарды алу қиындығы (17,0%), дебиторлық қарызды қайтарудың қиындығы (14,2%) кіреді.
Маңыздылығы жағынан қаржыландыруға қолжетімділік 9-орында (13,8%) тұр. Нақты сектор кәсіпорындарының сауалнамасы бойынша агрегаттық бағалауды білдіретін композиттік алдыңғы индикатор (КОИ) нақты сектордағы экономикалық белсенділіктің аздап жақсарғанын көрсетті. КАИ 100,3-ке дейін өсті. III тоқсанда сауалнамаға 3438 кәсіпорын қатысты.