«Түрме – хайуанаттар бағы емес». Қожаев Бишімбаевтың колонияда отырған суретінің жарияланбау себебін түсіндірді

Жарияланды
Марат Қожаев Сенат кулуарында жауап берді / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Сенат депутаты Марат Қожаев Ішкі істер министрлігінің кісі өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың колонияда отырғанын дәлелдейтін суретін не себепті жарияламайтынын түсіндірді.

Сенат кулуарында журналистер Ішкі істер министрлігінің бұрынғы өкілі Марат Қожаевтан Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «түрмеден шығып кетті» деген ақапарат тараған соң, Қуандық Бишімбаевтың колонияда отырғанын дәлелдейтін сурет немесе видео жарияламау себебін сұрады.

«Журналистер бәрін көріп, білгісі келіп тұрады. Бірақ, мұның барлығы азаматтардың құқын қорғаумен байланысты. Бостандықта жүрген азаматпен бірдей, түрмеде жазасын өтеп жатқан азаматтың да құқы сақталуы керек. Егер ол адам суретке түсуді қаламаса, оны ешкім бұған күштей алмайды. Кешіріңіздер, бірақ бұл сізге хайуанаттар бағы емес қой. Сондықтан ресми мәлімдемелерге сеніммен қарау керек. Ол жазасын Степногорск қаласында орналасқан қауіпсіздігі барынша жоғары колонияда өтеп жатыр»,- деді ол.

Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған экс-министр Бишімбаевтың түрмеден қашып кеткені туралы ақпарат тарады. Артынша Ішкі істер министрлігінің жанындағы қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жалған ақпарат тарап кеткенін айтып, оның қауіпсіздігі барынша жоғары колонияда жазасын өтеп жатқанын мәлімдеді.

Сонымен бірге комитеті жалған ақапарт таратқандардың жазаланатынын, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз