Bizbirgemizqazaqstan қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат 1,5 млрд теңгені жымқырды деп күдіктеліп отыр. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізілуде»,- делінген баспасөз хабарламасында.
ҚМА мәліметінше, қор жетекшісі көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырған.
ҚМА таратқан ақпаратқа сәйкес, күдікті бұл қаражатқа күдікті қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алған.
Атап айтқанда, елордадағы автосалондардан:
- 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450»;
- 80 млн теңгеге «Lexus LX-600»;
- 39 млн теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алған.
Сонымен бірге елорданың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендерінен, «Vela Village» коттедж қалашығынан жылжымайтын мүлік нысандарын 600 млн теңгеге сатып алғаны да хабарланып отыр.
Қазақстан халқынан жиналған ақшаға қор жетекшісі Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты қымбат бес жұлдызды қонақүйлерде демалғаны айтылған, ҚМА таратқан баспасөз релизінде.
ҚМА, сонымен қатар күдіктінің шетелде жүргенде «Cartier», «Louis Vuitton» сияқты брендтерден қымбат аксессуарлар мен зергерлік бұйымдар мен әшекейлер сатып алғанын да жария етті. Сонымен бірге люкс мейрамханалардың қонағы болып, яхталарды жалға алғаны туралы да айтылады.
«Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған»,- деп хабарлады ҚМА.
Агенттік хабарлауынша, қомақты қаражатты жымқырды деп күдіктеліп отырған қор жетекшісі ұсталған.
Бұл оқиғаға қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да өзінің әлеуметтік парақшасында пікір білдірді. №министр қайырымдылық көмек көрсету тетіктерін реттеу қажет деп санайды.
«Волонтерлер қозғалысының белсендісі әрі қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты шулы тергеу қайырымдылық көмегін көрсету механизмдерін жетілдірудің қажеттілігін тағы да еске салып отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда волонтерлік пен қайырымдылық белсенді түрде дамып келеді. Алайда бұл сонымен қатар алаяқтықпен мен пайдакүнемдік әрекеттерге де қолайлы жағдай туғызады. Сондықтан барлық қазақстандықтарды қайырымдылық көмек операторларын мұқият зерттеуге және тек тексерілген әрі сенімді серіктестермен ғана жұмыс істеуге шақырамын»,- деген министр.
Айта кетейік, қор сайтында қордың коммерциялық қызметпен айналыспайтыны және пайда табуды мақсат етпейтіні айтылған. Сонымен бірге, қор өз жұмысы туралы ақпаратты және оның нәтижелері туралы есептерді өз веб-сайтында жариялайтыны жазылған.