Бес өңірде спорт нысандары тиімсіз пайдаланылып отыр деп танылды. Антикордың талдау нәтижелері бойынша, бірқатар нысандар мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде Алматы қаласындағы «Алматы арена» мен «Халық аренада» бар. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров мәлімдеді.
«Мәселен, 2018 жылы Бейбарыс Атырау хоккей клубының басқаруы жеке кәсіпкерге негізсіз берілді. Осы секілді Алматы қаласында бұрын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде өтеусіз негізде жеке ұйымның басқаруында болған «Халық Арена» және «Алматы Арена» құрылыстары коммуналдық меншікке қайтарылды», – деді Данияр Биғайдаров.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында ұйымның сенімгерлік басқаруындағы футбол алаңы бар стадион мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Шымкент қаласында 7 жыл бұрын бұрын 108 млн теңгеге сатылған Мұз сарайы спорт кешенінің 67 пайыз үлесі мемлекетке меншігіне өтті. Жамбыл облысында 2017 жылы жекешендіріліп, жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылған Айша Бибі су полосы да мемлекетке қайтарылды.
Данияр Биғайдаровтың айтуынша, бұл шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы бойынша қолға алынған. Мемлекет қаражатын тиімсіз жұмсау, жемқорлық тәуекелдері деректері анықталған.
Сонымен қатар, жалған фактілер негізінде спорттық атақтар беру фактілері де көрініс берген.
«Кәсіби футболға бөлінетін қаражатын жұмсауда жемқорлық тәуекелдері белгіленді. Футбол клубтарын қолдауға миллиардтаған қаржы жұмсалады. Оның елеулі бөлігі қызметтерді төлеуге, шетелдік ойыншылардың жоғарғы жалақысына, оқу жаттығу жиындарына, футбол алаңдарын жалдауға жұмсалады. Соңғы алты жылда бюджеттен футбол клубына 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген», – дейді ресми өкіл.
Данияр Биғайдаровтың айтуынша, Астана клубы ең қымбат клуб болып отыр. Бюджеттен 51 миллиард бөлінеді, оның 33 млрд теңгесі жалақыға жұмсалыпты.