Қазақстанда «Жібек жолы» теміржол туры ашылғалы жатыр. 2024 жылы 16 қарашада «Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы» бағыты бойынша алғашқы рейс іске қосылады. Төрт күндік халықаралық темір жол туры туристерге көне қалаларды аралап, Ұлы Жібек жолы бойымен саяхат жасауға мүмкіндік бермек. Бұл туралы Туризм индустриясы комитеті хабарлады.
Бұдан былай туристерге Ташкент пен Түркістанның көрнекті жерлерін тамашалау оңайға түседі. Ыңғайлы болу үшін гид, тамақ, көліктік қызмет және кіру билеттері де қарастырылып отыр.
«Бірлескен күш-жігердің арқасында екі елді жалғастыратын бірегей теміржол туры пайда болды. Енді саяхаттау азаматтарымызға және басқа да елдерден келген туристерге жайлы әрі қолжетімді болды. Бай рухани және тарихи мұралармен танысу жеңілдеді. Бұл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, туризмді дамытудың маңызды қадамы болып отыр», – деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Саяхатшылар жолай Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі Отырарды көре алады. Бағдарламаға Арыстан бабты, «Әзірет Сұлтан» мұражайы мен «Керуен-Сарайды» тамашалау енгізілген.
Ташкентте тур қатысушылары тек қана тарихи нысандармен ғана емес, қаланың заманауы келбетімен де таныса алады.
Халықаралық турды «Жолаушы тасымалы» АҚ TauKomek Travel, «Тұран Қазақстан Тревел», Grand Soluxe Travel Company, SkyWay Travel, Kompas, Khan Turan Travel-дермен бірге қосып отыр. Kazakh Tourism осы бағытты халықаралық деңгейде ілгерілетуге жәрдем бермек.