Жаңалықтар

2025 жылы мұнай профициті бола ма? Еуропа Орталық банкі пайыздық мөлшерлемені төмендетеді

Фото: shutterstock

2025 жылы әлемдік нарықта мұнай өндіру сұраныстан асып түсуі мүмкін бе? Еуропа Орталық банкі пайыздық мөлшерлемелерді төмендететінін мәлімдеді. Ал АҚШ Федералды резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэлл «пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге асығудың қажеті жоқ» деп санайды. Бұл Трамптың жеңісінен кейінгі оптимизм төмендеген кезде қазіргі қор нарығындағы раллиге қауіп төндіріп отыр. Осы және өзге де тақырыптар туралы 14 қарашадағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Америкалық акциялар раллиден кейін

Кеше АҚШ акциялары Дональд Трамп жеңіске жеткеннен кейінгі өсу кезеңінен соң біртіндеп төмендей бастады. Мәселен, S&P 500 индексі сауда сессиясы барысында 0,6%-ға, NASDAQ 0,64%-ға, ал DOW 0,47%-ға арзандады.

S&P 500 индексінің бірнеше көрсеткіш бойынша артық сатып алынғаны байқалады, бұл түзету немесе консолидация қажеттілігін көрсетуі мүмкін, дейді City Index және Forex.com сарапшысы Фавад Разакзада.

«Толық ауқымды сатылым болуы үшін индекс бірнеше қолдау деңгейін бұзбайынша, бұл сценарийдің орын алуы екіталай. Қазіргі жағдай S&P 500 индексінде жеңіл түзету орын алуы мүмкін екенін көрсетеді. Тәжірибелі трейдерлер үшін бұл сатып алу мүмкіндігі болуы мүмкін, бірақ тренд өзгергені туралы анық сигнал әлі жоқ» – дейді Разакзада.

Morgan Stanley өкілі Майкл Уилсонның айтуынша, негізгі мөлшерлемелердің төмендеуі немесе ФРС тарапынан ақшалай саясаттың әлсіреуінің бәсеңдеуін күту нарыққа ықпал ете алады. UBS Group AG стратегтерінің пікірінше, 2024 жылдың соңына қарай ралли жалғасуы мүмкін, деп жазды Bloomberg.

Сондай-ақ ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің «пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге асығудың қажеті жоқ» деген мәлімдемесі нарық тарапынан теріс бағаланды. Себебі экономикалық өсім, тұрақты еңбек нарығы және 2% нысаналы көрсеткіштен жоғары инфляция деңгейі әлі де сақталып отыр, деп хабарлады Reuters.

АҚШ-та көтерме бағалар өсіп келеді, инфляция тұрақты

Пауэллдің мәлімдемесі АҚШ-тың Қазан айындағы инфляция туралы маңызды статистикасы шыққаннан кейін айтылды. New York Post басылымының жазуынша, өндірушілер бағасы индексі (PPI) бір айда 0,2%-ға өсті (қыркүйекте – 0,1%), ал жылдық өсім 2,4%-ды құрады (қыркүйекте – 1,9%). Бұл АҚШ экономикасының инфляциялық қысымнан толық арылмағанын көрсетеді.

Индекске ең көп әсер еткен қызметтер құны болды, олар қазан айында 0,3%-ға өсті. Азық-түлік пен энергия бағаларын қоспағанда, базалық көтерме бағалар қыркүйекпен салыстырғанда 0,3%-ға, өткен жылмен салыстырғанда 3,1%-ға артты.

Айта кетейік, сәрсенбі күні жарияланған тұтынушылық баға индексі (CPI) қазан айы бойынша жылдық есептеуде 2,6%-ды құрады. Ал азық-түлік пен энергия ресурстарын қоспайтын базалық инфляция (Core CPI) үш ай бойы 3,6% деңгейінде тұрақты сақталып отыр.

Де Гиндос: Еуропа Орталық банкі пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуді жалғастырады

Еуропа Орталық банкі инфляцияның 2% нысаналы деңгейіне жақындауына байланысты пайыздық мөлшерлемелерді одан әрі төмендетуге ниетті. Бұл туралы кеше ЕОБ вице-президенті Луис де Гиндос мәлімдеді, деп жазды Reuters.

«Инфляция едәуір төмендеді, барлық базалық инфляция көрсеткіштері дұрыс бағытта қозғалып келеді. Тек қана қызмет көрсету саласында белгісіздік элементі бар», деді де Гиндос.

Еске сала кетейік, қазанда ЕОБ негізгі пайыздық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендетіп, 3,25%-ға жеткізді. Бұл осы жыл ішіндегі үшінші төмендету болды. Алайда кейбір экономистер Дональд Трамптың протекционистік саясаты инфляцияны қайтадан көтеруі мүмкін деп алаңдаулы. Мысалы, Англия банкінің Ақшалай саясат комитетінің мүшесі Кэтрин Манн инфляция қаупі жойылмайынша, соның ішінде Дональд Трамптың сайлануымен байланысты тәуекелдер тұрғанда мөлшерлемені төмендетуге қарсы екенін білдірді.

2025 жылы мұнай профициті бола ма?

2025 жылы әлемдік нарықта мұнайдың ұсыныс профициті тәулігіне 1 млн баррельден асады деп болжап жасап отыр Bloomberg Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) деректеріне сілтеме жасап. Егер ОПЕК+ өндіріс лимиттерінен бас тартса, бұл профицит одан да көп болуы мүмкін.

Соңғы екі онжылдықта сұраныс өсуінің негізгі көзі болған Қытайдағы мұнай тұтыну көлемі төмендеп келеді.

«Мәселе тек экономикада емес. Электрмобильдерге көшу, жоғары жылдамдықты пойыздар және жүк тасымалдауда газға көшу Қытайдағы мұнайға сұраныстың өсуін тежеп отыр», – дейді ХЭА мұнай өнеркәсібі және нарықтар департаментінің басшысы Торил Босони.

Сонымен қатар мұнай тұтынудың төмендеуі аясында АҚШ, Бразилия, Канада және басқа елдерден жеткізілімдер тәулігіне 1,5 млн баррельге артты, деп есептеді ХЭА. Соның нәтижесінде қазан айының басынан бері тіпті Израиль мен Иран арасындағы әскери әрекеттерге қарамастан, шикі мұнай бағасы 11%-ға төмендеді. Трейдерлер Американың өндірісінің өсуіне назар аударып, бұл көлемдер Таяу Шығыстағы жағдай ушығатын болса да, жетіспеушілікті өтеуге қабілетті деп санайды.