Банк пен қаржы

Ұлттық банк кез келген терминалдан төлем жасауға мүмкіндік беретін банкаралық QR төлем жүйесін қосты

банкаралық QR төлем
Фото: kursiv.media

Ұлттық банк банкаралық QR төлемдер жүйесін қосты. Енді кез келген банктің терминалы арқылы QR-кодпен төлем жасауға болады. Әзірге ол пилоттық жоба ретінде жұмыс істеп тұр.

Қазақстан Ұлттық Банкі мен Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК) қолға алған пилоттық жоба аясындағы алғашқы транзакция 15 қарашада Қазақстан қаржыгерлерінің конгресінде, екінші деңгейлі екі банктің қатысуымен өткен.

Банкаралық QR төлем қызметі – азаматтарға QR арқылы төлемдерді тез және ыңғайлы жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымның (NDFI) маңызды элементі.

Жаңа қызмет кәсіпкерлерге түрлі банктің бірнеше терминалын орнату шығынын азайтуға мүмкіндік берсе, ал азаматтар кез келген банктің терминалы арқылы QR-кодпен төлем жасай алады.

Сонымен қатар, NDFI инфрақұрылымына қатысу банктерге банкаралық транзакцияларды өңдеу шығындарын төмендету және клиенттерге ұсынатын төлем қызметтерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта банкаралық QR төлем жүйесіне қатысушы банктерді кезең-кезеңімен қосылып жатыр. Жобаны кең ауқымда іске қосу 2025 жылға жоспарланған.

Қазақстанда барлық банк үшін бірыңғай QR-код енгізілетіні 2022 жылы хабарланған. Сол арқылы қай банктің клиенті болса да, кез келген терминалдан QR арқылы төлем жасауға болатыны айтылған. QR-код арқылы төлемдерді қабылдауға арналған бірыңғай терминалдар жыл соңына дейін орнатылуға тиіс еді.

ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов биыл 23 ақпандағы баспасөз мәслихатында ҰБ банктерді бірыңғай QR-код бойынша төлемге қосылуға міндеттеуі мүмкін деген болатын. Сол кезде бірыңғай QR код жүйесі 2024 жылдың соңына дейін қосу жоспарланғанын айтты.

«Банктер Ұлттық қаржы инфрақұрылымының артықшылықтарын көруі керек, оның негізінде олар бір-бірімен өзара әрекеттесу мүмкіндіктері бар. Ол ерікті түрде жасалады. Барлық банктер бірыңғай QR-код бойынша төлемге қосылады деп үміттенемін. Егер ерікті түрде қосылмаса, біз міндеттеу шарасын іске асыра алатынымызды жоққа шығармаймын», – деді ол.