Жаңалықтар

Қазақстанда еркін криптовалюта саудасына рұқсат беріліп, крипто айырбастау пункттері ашыла ма?

Фото: shutterstock

Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов еркін криптовалюта саудасы пен крипто айырбастау пункттеріне рұқсат беру керек деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, қазақстандықтардың криптовалюталарға еркін инвестиция салуына жағдай жасайтын кез жетті. Бұл туралы бас банкир Қаржыгерлер конгресіндегі пленарлық жиын барысында айтты.

Қазір Қазақстанда криптовалюта саудасымен Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген биржаларда айналысуға болады ҰБ басшысы криптовалютаны АХҚО-да ғана емес, арнайы айырбастау пунктттерінде сатуды ұсынады. Өйткені Қазақстан криптобиржа АХҚО алаңында ғана саудаланады деп шектегенімен, қазақстандықтар түрлі крипталарға әртүрлі жолмен инвестиция салып отыр. Сүлейменов оларды заңды айналымға енгізу ұсынады.

«Бізді осы бағытта либерализация күтіп тұр. Бұл мәселеге біз 2022 жылы цифрлық майнерлермен күрес кезінде назар аудардық. Сол уақытта белгілі бір криптобиржаларды, кем дегенде АХҚО аясындағы инфрақұрылымды заңдастыруға уәде берген едік. Нәтижесінде қамтамасыз етілген қаржылық активтерге заңнамалық негіз қалыптастырылды. Алайда, үш жыл өтсе де, бұл қадам айтарлықтай өзгеріс әкелмегенін айтуға болады», – деді ҰБ төрағасы.

Бұл ретте қаржыгер қазіргі кезде қамтамасыз етілген де, қамтамасыз етілмеген де криптовалюталар заңнан тыс айналымда жүргенін атап өтті. Сонымен қатар көрші Өзбекстан мен Қырғызстанның тәжірибесін мысалға келтірді. Бұл елдерде крипто саудасы арнайы алаңда емес, жалпы заңнама негізінде реттеліп, ел аумағында сатыла береді. Соның арқасында криптовалюта саудасы Қазақстаннан бірнеше есе асып кеткен.

«Сондықтан, біз де қамтамасыз етілген қаржылық активтерді жалпы юрисдикция аясында реттелетін, ашық және айқын түрде айналымға енгізуге мүмкіндік беруіміз қажет», – деді Сүлейменов.

Сонымен қатар, Сүлейменов қамтамасыз етілмеген криптоактивтерді де заңдастыру керек деген пікірде. Өйткені оларды байқамағансып, елемей отырғанмен, олар өздігіне жоқ болып кетпейді. Қайта заңсыз айналымы артып, салынған қаржы да көбейеді.

«Мен бұл нарыққа қомақты қарды, соның ішінде долларлық активтердің тартылғанына сенімдімін. Біз оны байқамасақ та, бұл үрдіс жүріп жатыр. Бұл үрдісті бақылауда ұстауды мақсат тұтып отырған жоқпыз, қайта заңдастырып, крипто айырбастау алаңдарының жұмыс істеуіне мүмкіндік беруіміз керек. Флешкамен ақпарат алмаспай, заңды түрде, реттеліп және есеппен жүргізілгені дұрыс. Сондықтан біздің ұстанымымыз – бұл мәселеде либералды көзқарас ұстану», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Қазақстанда Binance, Bybit, ATAIX Eurasia, Biteeu, CaspianEx, BigOne, Delta DA және Xignal&MT сынды криптобиржа тіркелген. Бұл платформалардағы сауда көлемі $240 миллионнан, тіркелген пайдаланушыларының саны 50 мыңнан асады.