Банк пен қаржы

Ұлттық банк төрағасы теңгенің одан әрі құнсыздануына еш себеп жоқ деп санайды

ұлттық теңге
Фото: shutterstock.com

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазіргі кезде теңгенің айтарлықтай әлсіреуіне еш негіз жоқ деп мәлімдеді. Сонымен қатар, ол Трамптың жеңісі жаһандық нарыққа үлкен әсер еткенін мойындап, осыған байланысты реттеуші өзінің болжам сценарийін қайта қарастыратынын жеткізді.

«Үкіметпен бұл мәселені кеше тағы талқыладық, енді бірге отырып ойлануымыз керек шығар», – деді ол Қаржыгерлер конгресінің кулуарында.

Бұл ретте Сүлейменов Ұлттық банктің валюталық интервенция жасауға дайын екенін тағы да растады. Алайда, реттеуші доллар бағамы қаншаға жеткенде нарыққа араласатынын нақтыламады. Сүлейменов оған «нарықты ерте бастан үйретудің қажеті жоқ» деп санайды.

Өткен аптада валюта нарығы құбылып, доллар біршама қымбаттады. Kursivmedia-ға пікір білдірген сарапшылар да Трамптың билікке келуімен доллар бағамына нығаюы мүмкін екенін айтқан.

Қаржыгерлер қауымдастығының мамандары да доллар бағамы жоғары болып тұрғанда нарық қатысушылары қолда бар валютасын сатып қалуға тырысты деп тұжырымдайды. Өйткені алда салық аптасы келе жатыр.

Ұлттық теңге айналымға енген 31 жыл ішінде 100 есе құнсыздаған.  Осы уақыт аралығында доллар бағамы 4,69 теңгеден 494 теңгеге дейін жеткен.