Ұлттар лигасы аясында Франция мен Израиль матчы кезінде Париждегі «Стад де Франс» стадионында жанкүйерлердің арасында қақтығыс болды. Қауіпсіздік шаралары күшейтілгеніне және аренада Франция президенті Макронның болуына қарамастан, жағдай бақылаудан шықты. Бұл туралы шетелдік БАҚ хабарлады.
Қақтығыс қалай басталды?
Шетелдің ақпарат көздерінің мәліметінше, ойын алдында француз жанкүйерлері Израиль әнұранына айқай-шумен жауап берді. Ал 17-ші минутта Франция футболкаларын киген жанкүйерлер қонақ секторына басып кіріп, Израильдің жанкүйерлеріне жұдырықтарын ала жөнелді. Бұл секторда шамамен 50 шақты израильдік жанкүйер болған. Қауіпсіздік қызметкерлері араласып, жағдайды ушықтырмай, бейбіт жолмен шешуге тырысты. Осыдан кейін израильдік жанкүйерлер «Тұтқындарды босатыңдар!» деп айқайлап, наразылықтарын білдірді. Полицейлер олардың жанына жайғасып, тағы бір шабуылды болдырмау үшін қауіпсіздік шараларын күшейтті. Бірнеше минутқа созылған шиеленістен кейін стадионда тыныштық орнады.
Франция мен Израиль матчы кезінде 4000-нан астам полиция қызметкері кезекшілікке тартылды. Стадионның айналасында арнайы полиция күштерінің көліктері мен мотоцикл топтары кезекшілікте тұрды, ал алаң маңына жанкүйерлердің кіріп кетпеуі үшін темір қоршаулар қойылды.
Сатылған билеттер саны 20 мың болғанымен, стадионда көрермен аз болды. Францияда тіпті бұл ойынды өткізбеу туралы петиция пайда болып, оны кейбір саясаткерлер қолдады. Мысалы, солшыл саясаткер Луи Боярд Израиль футбол федерациясын ФИФА тарапынан банға түсіруді ұсынды.
Алайда, Франция мен Израиль арасындағы матч жоспарланғандай өтті, тіпті шиеленісті жағдайға қарамастан, ойын тоқтатылмады. Бұл матчқа Франция президенті Эммануэль Макрон, сондай-ақ елдің бұрынғы көшбасшылары Франсуа Олланд пен Николя Саркози қатысты. Сонымен қатар, Франция ішкі істер министрі Бруно Ретайо және премьер-министр Мишель Барнье де стадионда болды.
Матч нәтижесі
Франция мен Израиль арасындағы ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Франция 10 ұпаймен 2-ші орында болса, Израиль 1 ұпаймен соңғы 4-ші орында қалды. Топта көшбасшы – Италия, ал Бельгия 3-ші орынға жайғасқан.
Еске сала кетейік, бұл ойынға қауіпсіздік шаралары Амстердамда 7 қараша күні болған жағдайдан кейін күшейтілді. Еуропа лигасы матчында израильдіктер Палестина туын өртегеннен кейін, Амстердамда Таяу Шығыстан келген кейбір жанкүйерлер израильдіктерге шабуыл жасаған болатын.