15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні аты аңызға айналған америкалық боксшы Майк Тайсон 20 жылдық үзілістен кейін кәсіби рингке қайта оралады. Тайсон бұрынғы абсолютті чемпион ретінде танымал, ал оның қарсыласы танымал блогер-боксшы Джейк Пол болмақ.
Жекпе-жектің уақыты мен трансляциясы
Тайсон мен Полдың жекпе-жегі бұған дейін 20 шілдеге жоспарланған еді. Алайда, «Темір Майк» лақап атымен танылған Тайсон денсаулығына байланысты кездесуді кейінге шегеруге тура келді. 28 мамырда ол асқазан жарасының асқынуына байланысты ауруханаға түскен еді. Кейін көпетен күткен кездесу күні жарияланды. Тайсон мен Пол арасындағы жекпе-жек 15 қарашада (Қазақстан уақытымен 16 қараша таңға қарай 04:00 де басталады деп жоспарланып отыр) Техас штатындағы AT&T Stadium аренасында өтеді. Жекпе-жекті әлемдегі ең ірі Netflix платформасы тікелей эфирде көрсетеді.
Майк Тайсон
58 жастағы аты аңызға айналған америкалық боксшы 2005 жылдан бері алғаш рет кәсіби рингке қайта оралады. Соңғы ресми жекпе-жегінен кейін ол Кори Сандерс, Кевин Макбрайд және Рой Джонс сияқты қарсыластарымен бірнеше көрме жекпе-жектерін өткізді, бірақ олар ресми статистикаға енген жоқ. Тайсон мансабында барлығы 58 жекпе-жек өткізіп, 50 жеңіске жетті, оның 44-і нокаутпен аяқталған. 1987 жылы ол абсолютті әлем чемпионы атанып, екі жарым жыл бойы бұл атақты сақтап келді.
Джейк Пол
27 жастағы блогер Джейк Пол өзінің 12-ші кәсіби жекпе-жегін өткізгелі отыр. Бұған дейін ол әртүрлі саланың өкілдерімен (блогерлер, UFC жекпе-жекшілері, боксшылар) кездесу өткізген. Оның мансабында 11 жеңісі бар, жалғыз жеңілісті Тайсон Фьюридің інісі Томми Фьюриден төрешілердің шешімімен тапқан.
Жекпе-жектен қанша табыс табады?
ESPN журналисінің мәліметінше, «Темір Майктың» кепілді гонорары 20 миллион долларды құрайды. Джейк Пол бір баспасөз мәслихатында өз гонорарының 40 миллион доллар екенін хабарлады. Сондай-ақ боксшылар жекпе-жектің ақылы трансляциясынан түсетін табыстан да үлес алмақ, бұл табыс шамамен 80 миллион долларға бағаланып отыр.
Еске сала кетейік, қазіргі таңда орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін Қазақстанда өткізу мүмкін. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтқан еді.