Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» Жаңаөзендегі жұмысшыларының талаптарына жауап берді

«ҚазМұнайГаз» Жаңаөзендегі жұмысшыларының талаптарына жауап берді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

13 қараша күні «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысшылары ереуілге шығып, бірқатар талаптар қойған еді. Осыған орай «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниясы жұмысшылардың жағдайын жақсарту, еңбек шарттарын қайта қарастыру бағытында бірнеше түсініктеме берді. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі хабарлады.

«Өзенмұнайгаз» зейнеткерлерінің балаларын жұмысқа орналастыру

«ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмысқа қабылдау тәртібі 2020 жылы бекітілген алгоритмге сәйкес жүзеге асады. Осы алгоритм бойынша, жұмысқа ӨМГ зейнеткерлерінің балалары мен Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыз азаматтар 50/50 пропорциясында тең дәрежеде қабылдануы тиіс. Компанияның пікірінше, тек зейнеткерлердің балаларын жұмысқа алу алгоритмді бұзады және қаланың басқа тұрғындарының құқығын шектейді.

Зейнетке ерте шығу төлемін ұлғайту

Компанияда мерзімінен бұрын зейнетке шығуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама бар. АЕК мөлшерін 300-ге дейін ұлғайту талап етілгенімен, қазір де жұмысшыларға айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр, ең жоғары төлем 125 АЕК-ті құрайды, бұл 40 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге арналған.

1000 орындық техниканы жөндейтін база салу

«Өзенмұнайгаз» жыл сайын автопарк пен техниканы жаңартып отырады, бұл жөндеу қажеттілігін азайтуға көмектесті. Техниканы жаңартуға 2022-2024 жылдары 22 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, ал 2029 жылға дейін тағы 53 млрд теңге қарастырылған. Сондықтан жаңа жөндеу базасын салу тиімсіз болып отыр.

2013 жылғы ұжымдық шартты қайтару

Кәсіподақ ұжымдық шарттың 2013 жылғы редакциясын қайтаруды ұсынды. Бұл редакция бойынша жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналары жұмыс беруші есебінен төленетін еді. 2017 жылдан бастап жалақы салық ұстағаннан кейін беріледі, бұл ҚР заңнамасына сәйкес. 2024 жылы жаңа еңбекақы жүйесіне көшу жұмыстары басталды.

Машинистер мен операторлардың санатын көтеру

Ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу машинистері мен операторларының санатын 6-7 дәрежеге көтеру талап етілді. ҚР Еңбек министрлігінің 2018 жылғы бұйрығына сәйкес, мұндай жұмысшыларға 6-шы дәреже бойынша төлем жасалады, бұл әділ ақы төлеуді қамтамасыз етеді.

Ұжымдық шартқа 30% үстемақы қосу

30%-ға дейінгі үстемақы қосымша функцияларды орындағаны немесе қызмет көрсету түрлерін кеңейткені үшін төленеді. ӨМГ жұмысшыларының жалақысы жыл сайын индексацияланады және өңірдегі мұнай өндіруші компаниялардан жоғары.

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы жұмысшылардың талаптарына «ҚазМұнайгаз» осылайша жауап берді.

«Олар қойған әр талап мұқият қарастырылады. Барлық мәселе заң аясында, атап айтқанда ҚР Еңбек кодексінің шеңберінде шешілуге тиіс. Келіссөз нәтижесі бойынша ақпарат қажет болған жағдайда қосымша берілетін болады», – делінген компания таратқан хабарламада.