Қазіргі уақытта қаржы саласы толық цифрландырылып, бақылау күшейген. Осы орайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеудің орындылығын тағы да бағамдау қажет деп санайды.
«Бір мәселені ескеру қажет. Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет»,- деді президент.
Айта кетейік, декларациялаудың алғашқы үш кезеңінде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік секторда қызмет ететін басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар. Ал 2025 жылы декларациялаудың төртінші кезеңі басталып, келесі жылы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2021 жылдан бері Қазақстанда салық төлеушілерге санатына қарай табысын декларациялау міндеттеліп келеді. Мұндағы мақсат — көлеңкелі экономика және жемқорлық сынды қатерлермен күрес.