Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасының 4%-ға өскенін жақсы көрсеткіш деп бағалады

Тоқаев экономикалық
Президент экономикалық өсімге мұнайдан тыс секторлардың әсер еткенін айтты / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық өсімнің 4%-ды құрағанын жақсы көрсеткіш деп атады. Осындай нәтижеге жетуге мұнайдан тыс сектор әсер еткен. Бұл туралы президент Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында айтты.

«Қазір елімізде жаңа экономикалық бағдар аясында нақты шаралар қолға алынып жатыр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендеді (биылғы қазан айында жылдық инфляция 8,5 пайызды құрады), сондай-ақ ұлттық экономиканың өсімі 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асып, жақсы қарқын алды. Мұнайдан тыс салаларды дамыту арқылы оң динамика байқалады. Бұл – маңызды үдеріс»,- деді президент.

Тоқаев жалпы ішкі өнім өсімінің үштен екісінен астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласына тиесілі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Сонымен бірге президент Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне тоқталып өтіп, шетелден тікелей инвестиция тартуда Орталық Азия елдері арасында көш бастайтынын мәлімдеген.

Бұл орайда инвестициялардың экономиканың кен өндіруден тыс салаларына көбірек тартылғанын, өңдеу секторы көлемі жағынан қазірдің өзінде кен өндіруден асып түскенін айтты.

«Биыл жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның қазіргі несие рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде тұрғанын растады. Қыркүйекте Moody’s агенттігі Қазақстанның ұзақмерзімді рейтингін «Тұрақты» деңгейіне көтерді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтиже»,- деп бағалады президент.