Ақтөбе облысында құлаған МИ-8 тікұшағы Кеңес Одағы тұсынан бері пайдаланып келеді

Жарияланды
Апат болған МИ-8 тікұшағы 1988 жылы Ресейдің Қазан қаласында шығарылған / Фото: voxpopuli.kz; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ақтөбе облысында құлаған МИ-8 тікұшағы Кеңес Одағы тұсынан бері яғни 1988 жылдан бері пайдаланып келеді. Бұл жайлы KURSIVMEDIA редакциясына Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Ұшу мерзімі 45 жыл

«Тікұшақ Ресей Федерациясының Қазан қаласындағы тікұшақ зауытында 1988 жылы 24 желтоқсанда шығарылған. Тікұшақтың зауыттан құралып шығарылған күні орын алған жағдайға қатысы жоқ. Қазіргі уақытта дәл осы үлгідегі тікұшақтың бұдан ертерек шығарылған түрлері әлі күнге дейін шетел мемлекеттерінде қолданылуда»,- делінген министрлік жауабында.

Министрлік хабарлауынша, соңғы 15 жылда Қазақстан Қарулы Күштерінде Ми-8 және олардың модификацияланған тікұшақтарына қатысты 3 авиациялық апат болған. Бұл апаттардың бәрінде адам шығыны бар. Осы орайда редакция министрліктен мұндай апатқа бейім тікұшақтарды шектеу мәселесіне қатысты сұрады. Алайда министрлік мұндай тікұшақтардың қызмет ету мерзімі 45 жылды құрайтынын, сондықтан Қорғаныс саласында жылы ескі тікұшақтарды қолдануды қалыпты жағдай деп түсіндірді. Тіпті шетелде жылы ескі ұшақтарды пайдалану тәжірибесі бар екенін мәлімдеген.

«Ми-8 тікұшақтары және олардың модификациясы әлемнің дамыған 50-ден астам елінде қолданылады, олардың көп функционалдығы мен қарапайымдылығы ең көп сұранысқа ие тікұшақтардың бірі. Мемлекеттік авиацияда, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштерінде авиациялық техниканың бұл түрі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған сәттен бастап қарулану құрамында бар. Осы типтегі тікұшақтарды пайдалануды белгіленген қызмет мерзімі аяқталғанға дейін жүзеге асыру жоспарлануда, яғни ол уақыт 45 жылды құрайды»,- делінген министрлік жауабында.

Апатқа ұшыраған МИ-8 қашан жөндеуден өтті?

Десе де, Қорғаныс министрлігі армия авиациясының тікұшақ паркін жаңартуды қарастырып жатыр. Осы орайда әлемдік өндірушілердің нарығы зерделеніп әртүрлі міндеттер үшін нақты типтегі тікұшақтар сатып алынады.

Осы орайда айта кетсек, 4 қазанда Қорғаныс министрлігі KURSIVMEDIA редакцисының сауалына берген жауабында Қорғаныс министрлігі тікұшақтардың қайдан сатып алатынын хабарлаған болатын. Құзырлы орган мәліметінше, Әуе қорғанысы саласына Ресейден 140 млрд теңгеге 7 тікұшақ сатып алынбақшы.  

К-32 тікұшағы Астана, Алматы,  Ақтау, Атырау қалаларында қызмет көрсетсе, МИ-8 тікұшағы Алматы, Семей, Өскемен қалаларында кезекшілікте тұратын болады.

Министрлік әуе қорғанысы саласында қанша МИ-8 тікұшақтары бар екенін жария етпеді.

«Тікұшақтардың саны туралы ақпарат шектеулі болып табылады. Бүгінгі таңда мұндай типтегі тікұшақтардың саны тапсырмаларды орындау үшін жеткілікті»,- делінген жауапта.

Ал апатқа ұшыраған тікұшаққа қатысты айтар болсақ, әуе құрылғысы 2023 жылғы 3 шілдеде № 405 «Авиажөндеу зауыты» АҚ-да күрделі жөндеуден өткен екен. Бұл жөндеуден соң тікұшақ 8 жыл қызмет етуі керек болған. Министрлік жауабында жөндеу кезінде тікұшаққа 2000 сағаттық жөндеу аралық ресурс орнатылғаны, қозғалтқыштарының жұмыс уақыты 330 сағатты құрағаны айтылған.

Министрлік мәлімеиттеріне сәйкес ұшу кезінде тікұшақ жарамды күйде болған. Қазіргі таңда бұл апатқа қатысты тергеу басталған. Алдын-ала мәлімет бойынша апатқа техниканың істен шығуы себеп болған.

«Тиісті органдармен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. «Апаттың себебі анықталуда. Әр түрлі себептер қарастырылуда. Бастысы, техниканың істен шығуы деп қаралуда. Қорғаныс министрінің бұйрығымен тергеу комиссиясы құрылып, жұмыс істеп жатыр»,- деп хабарлайды министрлік.

Апат кезінде жарақат алған әскерилердің жағдайы қандай?

Редакция апат кезінде жарақат алған екі әскери қызметкердің жағдайы туралы ақпарат сұратты. Министрлік хабарлауынша, 9 қарашада Ақтөбе қаласындағы көпсалалы облыстық ауруханасының реанимация бөлімшесіне ауыр жағдайда жатқызылған майор Ибраев Бейбарыс Жанболатұлы мен аға лейтенант Рүстем Занзахұлы Нығметов 11 қарашадан бастап нейрохирургия бөлімшесіне ауыстырылған. Қазіргі таңда олардың денсаулықтары орташа, тұрақты деп бағаланып отыр.

«Науқастарға барлық қажетті мамандандырылған медициналық көмек көрсетілуде. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, оларға тиысты қаржылай көмек көрсетіледі»,- делінген жауапта.

Еске сала кетсек, Ақтөбе облысында Қорғаныс министрлігінің тікұшағы құлап,  Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы майор Батыр Қайратұлы Оразымбетов қаза тапқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз