ҚМА қайырымдылық қорына жиналған ірі соманы жымқырды деп айыптаған Перизат Қайраттың атында басқа қандай мүлкі бар?
Кеше, 14 қарашада «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайраттың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. KURSIVMEDIA қор жетекшісінің қайырымдылықтан бөлек қандай бизнеспен айналысқаны туралы анықтап көрді.
Ашық деректердегі мәліметтерге сенсек, Перизат Қайраттың атында «Rebel Flowers» компаниясы бар. Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестікті 2022 жылдың 18 қаңтарында тіркеген. Деректерде компанияның 2024 жылдың 29 қаңтарында қайта тіркеуден өткені жазылған.
Компанияның Астананың элиталы аудандарында екі гүл атлеьесі бар. Астана қаласы Достык 16, «Галерея Талан» және Амман 21, «Акбулак Ривьера» мекенжайында орналасқан екі дүкені премиум санаттағы гүл шоқтарын сатады. Гүл шоқтарын сатып қана қоймай, сонымен бірге әртүрлі шараларды салтанатты әрлеумен яғни, декормен де айналысады.
Одан бөлек ателье жанынан «Rebel Flowers academy» флористика курсы да ашылған. Бұл курстарда ателье мамандары флористика машықтарына оқытады.
Перизат Қайраттың бұл бизнесінен мемлекет бюджетіне әр жылдары 4,5 млн теңге көлемінде салық түскен. Нақтырақ айтқанда, компания тіркелген 2022 жылы 620 мың теңге, 2023 жылы 756 мың теңге, 2024 жылы 3,2 млн теңге көлемінде салық төлеген.
Осы орайда айта кетсек, «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қоры миллиардтаған қаражат айыналымына қарамастан, бюджетке 2023 жылы небары 184 962,46 теңге көлемінде ғана салық төлеген екен.
Қорға қатысты қандай сот істері тіркелген?
Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға қатысты екі сот ісі тіркелген екен. Екеуі де 2023 жылдың күзінде болған.
2023 жылдың 26 қыркүйегінде Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.С.Әлімбетов қордан 11 млн теңге есебінде қарыз қаражаты мен айыппұл сомасына өндіріп алу туралы шешім шығарған.
«Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігінен «Тукубаев» жеке кәсіпкерлігіне яғни Тукубаев Мәди Маратұлының пайдасына 10 000 000 (он миллион) теңге қарыз, 1 000 000 (бір миллион) айыппұл өндірілсін»,- делінген сот шешімінде.
Одан бөлек қор 110 000 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж салығын төлеуге міндеттелген.
Ал екінші іске қатысты шешім бір айдан соң шыққан. 2023 жылдың 29 қарашасында Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «MM Group Estate» ЖШС-нің материалдық көмек сомасын өндіріп алу туралы өтінішін қанағаттандырған.
Сот үкіміне сәйкес қайырымдылық қоры аталмыш компанияға 14 млн теңге көлемінде қаражат төлеуге міндеттелген. Ал мемлекеттің баж салығы 420 мың теңге көлемінде бекітілген.
Қорға қандай ұйымдардан қаражат түскен?
«BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорына елдің бірнеше банктері сеніммен қарап, су тасқыны кезінде халыққа көмек қаражатын осы қорға аударған. Бұл туралы қордың жеке парақшасында жазылған. Атап айтқанда, Kaspi bank халыққа көмек ретінде 500 млн теңгені осы қорға аударған. Парақшада қордың ресми түрде осы банкпен жұмыс істеп жатқаны жазылған. Сонымен бірге қордың әлеуметтік желісінде Jusan bank-тің 300 млн теңге көлемінде қаражат аударғаны айтылған.
«BIZ BIRGEMIZ QAZAQSTAN қоры ресми түрде KASPI BANK арқылы ынтымақтастық жасайды. Қордың ашық жұмысы мен жүйе арқылы жүргізілетін барлық төлемдерді көрген банк басшылығы әріптестеріне бізге қатысты оң баға берген. 2 күн бұрын JUSAN BANK Biz Birgemiz Qazaqstan қорының шотына 300 млн теңге аударды»,- делінген қордың әлеуметтік парақшасында.
Сонымен бірге қор парақшасында 27-ші наурыздан бері халықтан жиналған қаражатты, толықтай Қаржы Министрлігі және Ұлттық банктің тікелей қадағалауымен бөлінетіні, мамыр айының 3-інен бері бірнеше жиналыс отырысы өтіп, BizBirgemiz қоры бұған толық келісім бергені жазылған.
Ал 29 сәуірде жарияланған ақпаратта қорға су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 2 млрд теңге жиналғаны айтылған.
Айта кетейік ашық деректерде «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының құрылтайшылары ретінде 10 адам тіркелген. Бірінші жетекші құрылтайшысы ретінде Перизат Қайрат көрсетілген. Одан бөлек мына адамдар қор құрылтайшылары ретінде тіркелген:
- Матюшенко Сергей Владимирович;
- Мағзұм Арсланбек Талғатұлы;
- Тұрғанбай Шадияр Докторұлы;
- Аманбай Аружан Оразбайқызы;
- Болысов Тоқтар Коммунарович;
- Хисматуллин Дамир Сакенович;
- Серикжанова Айгерім Тельжанова;
- Сейітқамал Гүлназ Нұрланқызы;
- Хафиза Аян Бауыржанұлы.
Еске сала кетсек, Қаржы мониторингі агенттігі «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының жетекшісі ұсталғанын, оның 2024 жылдың көктемінде елдің 10 облысында болған су тысқыны кезінде халыққа көмекке деп жиналған 1,5 млрд теңгеге жуық қаражатты ұрлады деп күдіктеліп отырғанын хабарлады.