Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бірнеше елшісін қызметінен босатты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Ақорда хабарлауынша, мемлекет басшысы бірнеше жарлық шығарып үш елшіні қызметінен босатқан. Солардың ішінде белгілі дипломат Қайрат Лама Шариф бар.
«Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шариф Қазақстан Республикасының Алжир Халық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымынан босатылды»,- делінген хабарламада.
Сонымен бірге президент Төлежан Тұрсынұлы Барлыбаевты Қазақстан Республикасының Словак Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан, Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Асаниязұлы Саржановты Қазақстан Республикасының Ватикан Мемлекетіндегі және Иерусалим, Родос және Мальта Қасиетті Иоаннының Егеменді Әскери Госпитальерлер Орденінің жанындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатқан.
Айта кетейік, Төлежан Барлыбаев Словак республикксының елшісі болып 2022 жылдың наурызында тағайындалған. Ал Қайрат Саржанов Ватиканға 2023 жылдың сәуірінде тағайындалса, Қайрат Лама Шариф Мысыр елшілігіне 2020 жыл тағайындалған.